- Негізгі бет
- Денсаулық
- Табиғи антибиотиктер: пияз,...
Табиғи антибиотиктер: пияз, сарымсақ және ақжелкен
Қазір дәрілердің арасында антибиотиктер танымалдыққа ие. Өкінішке орай, көпшілік бұл дәрілердің қолдану принциптерін білмей, кез келген жағдайға пайдаланады. Тіпті, атауының өзінде "анти" және "био" деген сөздер бар. Бұл дәрілер ағзадағы ауру туғызатын бактерияларды өлтіретіні рас, алайда олармен қоса пайдалы бактерияларды да жояды. Сондықтан антибиотиктерді шектен тыс қолданудың салдарынан иммунды жүйе бұзылады. Ал оларды алмастыра алатын табиғи антибиотиктер туралы білесіз бе?
Табиғи антибиотиктердің ағзаға еш зияны жоқ. Олардың құрамында да денсаулыққа кері әсерін беретін микроағзаларды өлтіретін заттар бар, бірақ олардың әсері басқа бактерияларға таралмайды. Бұл өнімдерді жиі тұтыну арқылы иммунитетті қатайтуға болады. Олар микробтардың ағзаға кіруіне жол бермейді.
Әрине, егер дәрігер қандай да бір медициналық препарат жазып берсе, олардан бас тартудың қажеті жоқ. Фармацевтикалық құралдардың өз артықшылықтары бар, ал өздігінше емделу теріс нәтижеге әкелуі мүмкін. Бірақ біз сөз етіп отырған бактерияларға қарсы табиғи өнімдерді аурудың алдын алуға пайдалану және негізгі емделу курсына қосымша ретінде қолдану артық етпейді. Табиғи өнімдердің көпшілігінің бактерияларға қарсы әсері бар, алайда, әсіресе, сарымсақ, ақжелкен және пияз тиімділігі күштірек.
Сарымсақ
Тиімді табиғи антибиотиктердің бірі – сарымсақ. Оны ертеде көптеген ауруларды емдеуге қолданған. Оның құрамындағы өткір иіс пен дәм беретін заттар микробтар үшін улы болып табылады. Бірақ олар адамға зиян емес.
Сарымсақ жеу қандағы холестерин деңгейінің және қан қысымының төмендеуіне ықпал етеді, атеросклероз (жүрек-қан тамырлар жүйесінің ауруы) кезінде көмектеседі және инсульт пен инфаркт қаупін азайтады. Сарымсақ ауруды басатын, жараны жазатын, микробқа қарсы, ішек құрттарына қарсы және уытқа қарсы әсер береді. Бірақ сарымсақты өте көп мөлшерде жеу ұсынылмайды, себебі ол ішектер шырыштарын тітіркендіруі мүмкін.
Тұмау кезінде сарымсақпен емделу:
- Ангина кезінде тамағаңызды сарымсақ тұнбасымен шайыңыз. Ол үшін 1 сарымсақ бөлігін ұсақтап турап, оған 1 стақан қайнаған су құйыңыз. Оны 1 сағатқа қалдырып, содан соң сүзіп алыңыз.
- Тұмау кезінде 1 сарымсақ бөлігін ортасынан кесіп, оны күні бойы бірнеше рет иіскеу қажет.
- Ылғал (қақырығы бар) жөтел кезінде 1 стақан сүтке 1 шай қасық сарымсақ суын құйып, жылы күйінде ішіңіз.
- Тұмаудың алдын алу үшін ұсақтап туралған сарымсақты дәкеге орап, мұрын қуысына қойыңыз.
Пияз
Тағамға пиязды жиі қолданатын халықтар диабет, атеросклероз және рак сияқты аурулармен сирек ауырады екен. Пияз – тек табиғи антибиотик емес, ол сонымен қатар пайдалы заттардың көзі. Оның құрамында А, В1, В2, С, Е дәрумендері мен магний, кальций, марганец, темір, фосфор элементтері бар.
Пиязға антибиотик әсерін күкірт қоспасы мен роданид-сутектік қышқыл қоспасы береді. Пияздың құрамында оны тазартқанда және турағанда бөлінетін эфир майы бар: ол бізді жылатады. Оның сол тітіркендіретін әсері пайдалы. Пиязды турағанда көзжас безімен қатар мұрын қуысы, бронх және тыныс жолы бездері де бөлінеді. Мұндай әсер тыныс алу жолдары шырышын жылдам тазартуға көмектеседі. Ал мұрын қуысы мен бронхта тітіркену кезінде лизоцим ферменті өңделеді: оның антибактериялық әсері бар, яғни, жұқпамен күреседі. Егер асқазаныңыз сезімтал болса, пияздың термиялық өңделген түрін жеген жөн. Әрине, термиялық өңдеуден соң пияз өзінің пайдалы қасиеттерінің қандай да бір бөлігін жоғалтады, бірақ ішкі органдар шырышын тітіркендірмейтін болады.
Тұмау кезінде пиязбен емделу:
- Жөтел кезінде пиязды үккіштен өткізіп, қаз немесе қой майымен араластырып, кеудеге және мойынға жағыңыз. Содан соң қалың орамалмен байлап қойыңыз.
- Тұмау кезінде 1 ас қасық бал мен 1 ас қасық пияз суын ішуге болады.
- Тұмау кезінде екіге бөлінген пиязды иіскеу керек немесе пиязды ұсақтап турап, оны дәкеге орап, мұрын қуыстарына кезекпен-кезек 15 минутқа салуға болады.
- Егер балада бронх қабынуы болса, 1 кішкентай қызыл пиязды ұсақтап турап, оған 1 шай қасық қант қосыңыз. Осы қоспаны балаға аз-аздан беру керек, бірақ сол қоспаны бала дайындалған күні тауысқаны дұрыс.
Ақжелкен
Ақжелкенді де бұрыннан емдік құрал ретінде қолданған. Оның дәрумендік құрамы таңғалдырады: ол А, В1, В2, В3, В6, В9, С, Е, К және Н (биотин) дәрумендерінен тұрады. Макроэлементтердің арасында калий, күкірт, кальций, хлор, фосфор, магний және натрий көп мөлшерде бар. Ал микроэлементтерден әсіресе темір, марганец, йод, фтор, мыс және мырыш көбірек кездеседі.
Ақжелкен бүйрек, гастрит (асқазан ауруы) және ойық жара ауруларына, сонымен қатар кез келген қабыну процестеріне пайдалы.
Өкінішке орай, адамдар табиғи дәмдеуіштерден бас тартып, оның орнына дүкеннің түрлі дәм күшейткіштерін қолданады. Бірақ пияз бен сарымсақ қосылған және ақжелкен секілді шөптермен безендірілген тағам дәмдірек және денсаулыққа пайдалы екенін ұмытпаңыз. Әр тағамға көк (аскөк, ақжелкен, көк жуа және т.б) қосуды нағыз ережеге айналдырыңыз.
А. Жапатова