- Негізгі бет
- Денсаулық
- Сүйел не үшін...
Сүйел не үшін шығады және одан қалай арылуға болады?
Сүйел - теріде немесе шырышты қабықта пайда болатын қатерсіз түзілімдер. Ол жиі иммунды жүйесі қатаймаған балалар мен жасөспірімдерде кездеседі. Сүйелдің теріге тек біреуі немесе қаптап шығуы мүмкін. Сүйел сопақ, дөңгелек болуы және ашық түсті немесе қарайып шығуы мүмкін. Уақытында емдемесе, ол ыңғайсыздық тудырады. Ол жиі бетке, саусақтар мен тырнақ айналасына, буындар бетіне (тізе, шынтақ) және табанға шығады.
Сүйел шығуының негізгі себебі - папиллома вирусы. Вирус теріге түскен кезде ол ағза жарықшалар немесе жаралар арқылы кіреді. Микроорганизмдердің белсендірілуіне және өсінділердің пайда болуына мына факторлар әсер етуі мүмкін:
- иммунитеттің әлсіреуі;
- жасөспірімдік кезеңдегі гормонды өзгеріс;
- үйлестірілмеген тамақтану;
- дәрумен жетіспеушілігі;
- аз қозғалысты өмір салты;
- жеке гигиенаны сақтамау;
- күйзеліс, созылмалы шаршаңқылық;
- ыңғайсыз аяқкиім кию.
Қазір заманауи медицинада папилломавирустың 40-тан аса түрі табылған. Бұл вирус жанасу арқылы жұғады. Бұл вирусты жұқтырып алған ерлер мен әйелдер, сондай-ақ папилломавирусты жұқпасы бар жануарлар қауіп төндіреді. Кей жағдайларда адамда ешқандай оның белгісі білінбесе де, ол вирусты тасушы бола алады.
Бұл вирус сондай-ақ аутоинокуляция (ағзаның бір бөлігінен екіншісіне түсу) жолымен жұғуы да мүмкін. Мысалы, тырнағын тістейтін адамдарда саусақтарына сүйел жиі шығуы мүмкін. Денесіндегі түкті қыратын, эпиляция, депиляция жасайтындарға бетіне, иегіне, балдырына сүйел шығуы мүмкін. Кейде адам папилломавирусты қоғамдық жерлерден, мысалы, бассейн, сауна, спорттық залдан жұқтырып алуы мүмкін. Ет кесумен айналысатын адамдар оны жануарлардан жұқтырып алуы мүмкін: оларда сүйел жиі білегіне, иық айналасына шығады.
Сүйелді қалай емдейді?
Сүйелді емдемес бұрын диагнозды растау қажет. Дерматолог сүйелді дерматоскоппен қарап, оның түрін анықтайды. Бұл процедура еш ауыртпайды. Теріде сүйел көп болса, папиллома вирусының штамын және оның белсенділігін анықтау үшін қан тапсыру керек болады. Алған мәліметтерге қарай сүйелді емдеу жолы таңдалады. Сүйелдің бетіне жағатын жақпамайлар және иммунитетті көтеретін, вирусқа қарсы дәрілер жазып беруі мүмкін. Егер медикаментозды әсер тиімсіз болса, сұйық азотпен емдеу, лазермен кетіру, электрокоагуляция немесе хирургиялық жолмен жоюды ұсынуы мүмкін.
А. Жапатова