- Негізгі бет
- Денсаулық
- Сусамырдан сақтанып жүріңіз...
Сусамырдан сақтанып жүріңіз
Сусамыр (қант диабеті) - бүгінде кең таралған дерттердің бірі. Әрбір адам қандағы қант мөлшерін жиі тексертіп тұрғаны дұрыс. Тіпті өзіңізді жақсы сезініп тұрсаңыз да мұның зияны жоқ. Себебі денедегі қанттың артықтығы адамды әбігерге түсіреді. Дерттің алдын алмаған жағдайда адам мүгедек халге ұшырауы мүмкін.
Аурудың белгілері
Қанда қант көбейіп кетуінің негізгі белгісі – науқастың ұдайы шөлдей беруі. Сонымен қатар несеп мөлшерінің көбеюі де науқастың басты белгілерінің бірі. Ол қандағы глюкоза мөлшерінің молаюынан болады. Денеде қанты жоғарылаған адамда әлсіздік пайда болады, тез шаршайды. Жыныс мүшелерінің шырышты қабығы дуылдап қышиды. Ауыз құрғап, таңдай кебеді. Өз бойынан осы белгілердің бірін байқаған адам уақытын өткізбей, тездетіп дәрігерге қаралғаны жөн. Тіпті болмаған жағдайда таңертең аш қарынға саусақтан алынатын қантты анықтайтын сараптама жасатуы керек. Соңғы кездегі зерттеулердің нәтижесінде бұл дертке шалдыққандардың үштен екі бөлігі ауруы әбден асқынғанша сезбейді екен. Сол себепті қан тапсырып, денедегі қанттың мөлшерін анықтатып тұру өте маңызды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы ер азаматтарға қырық жастан әрі қарай қандағы қант мөлшерін анықтатып, 3 жылда бір рет сараптама жасатып тұруды ұсынады. Егер денеңізде артық салмақ болса, туған-туысқандарыңыздың арасында бұрын-соңды сусамырмен сырқаттанғандар болса (қатер тобына кірсеңіз), мұндай сараптамадан жыл сайын өтуге тиіссіз. Сонда ғана кеселдің асқынуына, аурудың күшеюіне жол бермейсіз.
Қандағы қант мөлшері қанша болуы тиіс?
Егер аш қарынға саусағыңыздан қан тапсырсаңыз, ондағы қант мөлшері жасыңыз қай шамада болса да 3,3 – 5,5 ммоль/л мөлшерден аспауы керек. Ал бұл көрсеткіш 5,5 ммоль/л шамаға жетсе, сіз сусамырға шалдығудың алдында тұрсыз. Осы көрсеткіштің 6,1 ммоль/л мөлшерге жетуі және одан да әрі көтерілуі қант диабетіне шалдыққандықты білдіреді. Бүгінгі таңда көптеген медициналық орталықтар қандағы қант мөлшерін глюкометр аспабы арқылы анықтайды. Мұны «экспресс тәсілі» деп те атайды. Бұл аспап арқылы денедегі қант мөлшерін үйде де анықтау қиынға соқпайды. Алайда мұның зертханалық жолмен анықтаудан дәлдігі төмен болады. Науқастың бойынан сусамырдың белгілері айқын аңғаралып тұрса, нақтама қоюға 1 рет жасалған сараптаманың өзі жеткілікті. Ал егер денеден диабеттің белгілері байқалмаса, бірақ тексеру қант мөлшерін шамадан артық деп көрсетсе, қайтадан сараптама жасатқан дұрыс. Сараптама қант мөлшерін 2 рет қатарынан жоғары деп көрсетсе ғана «диабет» деп нақтама қойылады.
Алдын алу шаралары
Денедегі көмірсутегі алмасуы бұзыла бастауы - қатердің басталуынан хабар береді. Яғни қатердің басы. Сол үшін ең алдымен денедегі артық салмақтан арылуға асығыңыз. Одан кейін дәрігердің айтқанын бұлжытпай орындаңыз. Тәулігіне ішіп-жейтін ас-суыңыздың құнарын 1500-1800 ккал деңгейден асырмауға тиіссіз. Кәмпит және тәтті нан өнімдерін жеуден бас тартыңыз. Тамақты буға дайындап, май қолданбай, суға қайнатыңыз. Шұжық өнімдерінің орнына малдың немесе тауықтың пісірілген етін жеңіз. Майонез бен майлы қаймақтың орнына ашытылған сүт өнімдерін, майсыз қаймақты пайдаланыңыз. Нанға май емес, қияр мен қызанақ қосып жегеніңіз дұрыс. Күніне осылайша 5-6 рет тамақтану қажет. Осы ретте диетолог-эндокринолог дәрігерден кеңес алсаңыз тіпті жақсы. Дерттің қаупі байқалған бойда дәрігер денедегі қант мөлшерін төмендететін дәрі-дәрмек тайғайындайды.
Есіңізде болсын! Қант мөлшерін анықтайтын кез келген зерттеу шарасы кезінде күнделікті тамақтану режимін ұстай бересіз. Тәттіден бас тартып немесе әлдебір ем-дәмдік тәртіп сақтау шарт емес. Тек той-томалақтың мол дастарханынан кейін таңертең төсектен тұра салып зертханаға барудың, қан мөлшеріне сараптама жасатудың қажеті жоқ. Сол сияқты суық тиіп немесе жарақаттанған жағдайда қандағы қантқа сараптама жасатуға болмайды. Жүкті әйелдің қант мөлшерін анықтатуы да қате нақтама қоюға соқтыруы мүмкін.
Н. Үсенова