Қазір ауыз су өндірушілердің көбі сусынды шыны бөтелкеге емес, пластик бөтелкеге құйып сатады. Өйткені бұл шыныға қарағанда арзан әрі өндіру оңай. Егер шыны бөтелкемен су сатса, судың бағасы қымбаттап кетеді деседі.
Қалай десек те, қазір су мен сусынның көбі пластик бөтелкеге құйылып сатылады. Ал бұл адам ағзасына қаншалықты зиян?
Пластик бөтелкені жасау үшін қолданылатын пластмассаның түрі көп Бірақ негізгі қолданылатын материал – бұл полиэтилентерефталат (яғни, ПЭТ). Шыны сияқты мөлдір, жеңіл пластик түрі. Азық-түлік, ас-тағаммен реакцияға түсе алмайтын химиялық бөлшек. Сондықтан қауіпсіз саналады. Бірақ көпшілік ПЭТ-тен жасалған бөтелкелерді екінші рет қолдануға болмайды деседі. Өйткені қатерлі ісіктің тууына себеп болуы мүмкін.
Пластика бөтелкенің құрамындағы тағы бір химиялық зат – бұл бисфенол А (ДФП). Бұл қоспа жайлы біразымыз естіген болармыз. Пластмасса өндірісінде қолданылып келе жатқанына жарты ғасыр болған. Алайда 2010 жылы Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы бисфенол А-ны адам денсаулығына зиян химиялық зат деп мәлімдеген. Әсіресе адамның эндрокринді жүйесіне кері әсер етіп, ұрпақ қалдыру қабілетін нашарлатуы мүмкін деген қорытындыға келеді. Бірақ ПЭТ-тен жасалатын бөтелкелерде бисфенол А болмайды. Оның құрамында жоқ.
Ал ПЭТ-ті жасауға негізінен сурьма сынды химиялық элемент қолданылады. Сурьма канцероген (қатерлі ісік тудыратын зат) емес. Бірақ ішке түсіп кетсе, диарея туғызып, құстыруы мүмкін.
2008 жылы жүргізілген АҚШ ғалымдарының зерттеуінде пластик бөтелкенің құрамындағы сурьманың үлесі 6 ppb (миллиардтың бір бөлшегі) шамасына жетсе, адам денсаулығына зиян тигізу мүмкін деген қорытындыға келген. Алайда қалыпты бөтелкенің өзі үш ай бойы 22 °С жылы жерде жатты дегеннің өзінде сурьманың үлесі 0,226 ppb-тен аса қоймайды.
Бірақ бөтелке шыжып тұрған күннің астында қалып, зияны шектен асуы мүмкін. Мәселен 60°С ыстықта судағы сурьманың үлесі 6 ppb шамасына 176 күнде жетеді. Бірақ 80 градус ыстықта небары 36 сағатта жетеді екен. Бөтелкедегі судың мұндай ыстықта соншама уақыт жатуы екіталай.
Пластик бөтелкенің құрамындағы тағы бір қоспа бар. Ол – микропластик. Бөтелкеге су құйылған кезде, көп жағдайда (93 пайыз) микропластик суға араласып кетеді екен. Бірақ оның денсаулыққа зияны жайлы қазір ғылымда еш дерек жоқ. Ғалымдар қанша зерттеу жүргізгенімен, денсаулыққа зиян тұсын таба алмады.