- Негізгі бет
- Денсаулық
- Соқырішекті уақытында анықтауға...
Соқырішекті уақытында анықтауға 6 кеңес
Соқырішек (аппендицит) — кең тараған қабыну. Соқырішектің негізгі қаупі — оның кенеттен пайда болуы және жылдам асқынып кетуі. Оны уақытында анықтау үшін оның алғашқы белгілерін білу маңызды.
Аппендикс — ұзындығы 7-10 см болатын қысқа және жіңішке өсінді. Ол бүйеннің соңында орналасқан. Ол басқа да ішек бөліктері секілді ішек сөлін бөледі, бірақ ас қорытуда маңызды рөл атқармайды. Ұзақ уақыт бойы медицинада аппендиксті «табиғаттың қателігі» санады және оны науқастан бірден алып тастайтын болды. Бірақ кейін аппендикс те иммунды жүйенің бір бөлігі екені және оның жасушалары ағзаны жұқпадан қорғайтыны жайлы пікір пайда болды.
Аппендицит — аппендикстің жедел қабынуы. Әдетте, науқас кенеттен қатты ауырады және оған жедел жәрдем қажет болады. Аппендикс қабынуының басты себебі — тесігінің бітеліп қалуы. Нәтижесінде, шырыш жиналып қалады және індет жұқтырып алады.
Бұл қабыну кезінде өлім деңгейі жоғары болмаса да, ол денсаулыққа зиян келтіреді және қауіпті салдарларға әкелуі мүмкін. Мысалы, перитонитті (іш пердесінің қабынуы) немесе сепсисті (ағзаға жұқпалы аурудың тұтас жайылып кетуі) ынталандыруы мүмкін.
Әдетте, аппендикс шамамен кіндік пен оң жақ жамбас сүйектің жалпақ басының ортасында орналасады. Аппендицитті уақытында анықтаға көмектесетін бірнеше кеңес ұсынамыз:
Ауырып тұрсаңыз, температураңызды өлшеңіз
Соқырішек кезінде ауру аяқ астынан пайда болады және біртіндеп күшейе береді. Ұстама жүрек айнумен, бел тұсының ауруымен және қалтыраумен бірге жүруі мүмкін. Әдетте, дене температурасы 37,2 градустан 37,7 градусқа дейін көтеріледі. Бұл кезде температураның 39-40 градусқа көтерілуі сирек кездеседі.
Тіліңізді тексеріңіз
Тілде пайда болған ақ, сұрғылт немесе сары қабыршақ та аппендикс қабынуының белгісі болуы мүмкін. Мұндай өңездің пайда болуы бас ауруымен эәне тәбеттің болмауымен бірге жүреді.
Құсу мен іш өту де аппендицит белгісі бола алатынын ұмытпаңыз
Ағзаның улануы жиі іш өтуге және құсуға әкеледі. Сонымен бірге кіші дәретке де жиі баруыңыз мүмкін. Бұл кезде зәр қою түсті болады.
Аяқ астынан ішіңіз ауырды ма?
Іштің ауыруы — аппендицитке тән белгінің бірі. Бұл кезде іштің кез келген жері ауыруы мүмкін. Аппендикс қабынуы шақыртқан ауру біртіндеп оңға жылжып, басқа қарқындылыққа ие болуы мүмкін.
Жамбас сүйектің жалпақ басын саусақпен ұрып көріңіз
Аппендицит кезінде оң жақ жамбас сүйектің жалпақ басының тұсы қатты ауырады. Оны анықтау үшін сұқ саусағыңызды бүгіп, сол жерде жайлап ұрып көріңіз.
Эмбрион күйін жасап, сезімдеріңізді бақылаңыз
Оң жағыңызбен жатып, аяғыңызды денеңізге тартыңыз. Осы күйде іштің ауыруы басылуы керек. Егер аппендицит болса, сол жаққа бұрылып, аяқты созсаңыз, ауру күшейеді. Бұл кезде бірден жедел жәрдемге хабарласып, өз белгілеріңізді айтыңыз.
Аппендицитті қалай емдейді?
«Асқынған аппендицит» диагнозы қойылса, дереу ауруханаға жатқызып, ота жүргізеді. Ота жасалған соң емделушінің басты міндеті — операциядан кейінгі жараға күтім жасау және оның іріңдеп кетпеуін бақылау. Қабыну болмаса, жіптерді операциядан кейін 7-10 күн арасында алады.
Аппендицит кезінде өздігінен емделу қауіпті. Ауруды басатын дәрілер ішу де ұсынылмайды. Себебі олар оның белгілерін өзгертіп, нақты диагноз қоюға кедергі келтіреді.
Отадан кейінгі бірінші айда ыстық ванна қабылдау немесе моншаға бару тыйым салынады. Сондай-ақ біраз уақыт кез келген физикалық жүктемелерден және спорттан бас тарту керек болады. Тіпті, жөтел мен қатты күлудің өзі ішіңізді ауыртуы немесе жіптердің ашылып кетуіне әкелуі мүмкін.
А. Жапатова