- Негізгі бет
- Денсаулық
- Скринингтен қалай және...
Скринингтен қалай және қайтіп өтеміз?
Медициналық сақтандыру қоры жыл сайын профилактикалық тексерулерге қаражат бөліп отырады. Оның ішінде, әлеуметтік маңызы бар ауруларды анықтауға арналған скринингтер де бар. Скринингтік зерттеулердің маңызы неде? Тексеруден неге уақтылы өту қажет? Бұл сауалдарға жауап іздейік.
Аурудың көбінің жазылуы қаншалықты ерте анықталғанына тікелей байланысты. Уақытылы анықталған дертті емдеу де оңай. Сондықтан бүгінгі таңда елімізде ауруды ерте анықтау мүмкіндігі артып отырғаны қуантпай қоймайды.
Скрининг – ауруды және оның туындауына әсер ететін факторларды ерте анықтауға мүмкіндік беретін медициналық зерттеулер жиынтығы. Тексерудің бұл түріне салалық мамандардың консультациясы мен зертханалық-диагностикалық зерттеулер кіреді.
Скрининг арқылы қандай сырқаттарды анықтауға болады?
• Зиянды әдеттерден туындайтын қауіп факторларын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
• Артериалды гипертония, жүректің ишемиялық ауруы мен қант диабетін ерте анықтау – аталған диагноз негізінде динамикалық бақылауға алынбаған 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
• Глаукомаға тексеру (көз іші қысымын) – 40-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
• Жатыр мойны обырын ерте анықтау – 30-70 жас аралығындағы әйелдер;
• Сүт безі обырын ерте анықтау – 40-70 жас аралығындағы әйелдер;
• Колоректальды обырды ерте анықтау – 50-70 жас аралығындағы ерлер мен әйелдер;
• В мен С вирусты гепатиттерін ерте анықтау.
Сонымен қатар профилактикалық тексерулерден 18 жасқа дейінгі балалар да өте алады. Оған баланың психофизикалық және жыныстық даму деңгейін бағалау, зорлық-зомбылық белгілері бар-жоғын анықтауға арналған тексерулер кіреді. Белгілі бір ақау табылған жағдайда салалық маманға жолдама беріледі.
Скринингтен өту үшін тіркелген емханадағы учаскелік дәрігерден (терапевт) жолдама алу қажет. Жас мөлшеріне қарай бекітілген скринингтерден бірден өтуге болады.
Профилактикалық тексерулер МӘМС пакетіне енген, сондықтан скринингтен өтетін азамат сақтандырылған болуы шарт.
Скринингтік зерттеулердің кей түрі бес жыл сайын, кейбірі – екі немесе төрт жыл сайын жасалады. Бұл мерзім әр аурудың даму қарқынына қарай белгіленген.
Скринингтік зерттеуден өткен пациенттер денсаулығынан ақау табылған жағдайда салалық мамандардың консультациясына жіберіледі, қажет болғанда ем тағайындалады.
Қ. Слямбек