- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ішек дисбактериозы...
Ішек дисбактериозы
Соңғы уақытта ауыз қуысында, асқазан-ішек жолдарында, теріде және тағы басқа ағзаларда эубиоценоздық дисбиотикалық бұзылушылықтың жиі кездесетіні жасырын емес. Осының негізігі себебін білгіңіз келсе, ең алдымен өз дертін өзі анықтап, өзі емдейтіндерді тілге тиек етуге болады.
Бүгінде антибиотиктерді де, гормондарды, өзге химиялық ем-домдық заттарды да дәрігеге көрініп әуре болып жатпай, өзі тағайындап, өзі қабылдай беретінер аз емес. Сонымен қатар эубиоценоздық дисбиотикалық бұзылушылыққа дұрыс тамақтанбау мен дәруменнің (витаминнің) тапшылығы да қолайлы жағдай туғызатыны белгілі. Осындай себептерден ағзада микроорганизмдердің тым басым болуы немесе азайып кетуі салдарынан пайда болатын дисбалансты, медицинада «дисбактериоз» деп атайды. Бұл сырқат ұзақ әрі тиянақты емделуді қажет етеді. Антибиотикпен емделіп, дисбактериозға ұшырау, әсіресе балалар үшін өте қауіпті. Себебі осындай жағдайда асқазан және ішек жолындағы пайдалы микроорганизмдер азаяды да, дерт тудыратын шартты патогенді микробтар барынша көбейеді.
Ішек дисбактериозын анықтау – бұл адамның оған шалдыққан-шалдықпағанын тексеру. Ішек дисбактериозын бактериологиялық нақтамалау (диагностика) әдістемелік нұсқаулық негізінде жүргізіледі. Осы мақсаттағы зертеу үшін тік ішектегі микробтар құрамы алынады. Өйткені ондағы микробтар алуан түрлі, әрі тұрақты, әрі зерттеу үшін өте ыңғайлы және қаражатты да көп қажет етпейді. Дәлірек айтқанда, тік ішектегі нәжістің құамындағы бактериялардың қатарына жұқпалы ішек ауруларын тудыратын микроорганизмдер (альмонелла, шигелла), бифидобактериялар, лактобактериялар, ферменттік қасиеттері қалыпты жағдайдағы ішек таяқшалары, шартты патогенді энтеробактериялар (протей, клебцелла, цитробактер, т.б.), ауру тудыратын стафилакокк, кандида тұқымдас уақ саңырауқұлақтар (грибки), энтерококтар жатады. Тиісті зерттеу кезінде бұлардың 1 грамм нәжісте қанша мөлшері бар екендігі жіті анықталады. Дені сау адамның дәретінде жұқпалы ауру тудыратын микроорганизмдер (сальмонелла мен шигелла) мүлдем болмайды.
Жалпы қорыта айтқанда, басыңыз ауырып, балтырыңыз сыздаса, «өзім емделемін, өзім де бір дәрігердей бармын ғой» демей дәрігерге қаралаңыз. Антибиотиктер мен химиялық препараттарды қалай болса, солай қолдансаңыз, өмірі жазылып болмайтын дисбактериозға ұшырайсыз. Оның тұзағына бір түссеңіз, әбден әлекке түсесіз. Сондықтан ауырмаудың жолын алдын-ала қарастыра біліңіз және ақ халатты абзал жандардың көмегіне қол созыңыз.
Н. Үсенова