- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шай арықтауға көмектесе...
Шай арықтауға көмектесе ме?
Шай ішкесін, әжетке көп "жүгіретініміз" бар. Сағаттап шай ішкендер тіпті түнімен "далаға" шығады. Су ішкенде не сусын ішкенде олай бола қоймайды. Ендеше шайдың не құдіреті бар екен, оның арықтауға, сұйықпен бірге майды да "айдап" әкетуге күші жете ме екен? Соны қарап көрейік.
Әлемде шайдың түрі көп. Кәдімгі өзіміз ішіп жүрген қара шайдан бөлек, сан түрлі шай бар. Оны әр халық әрқалай ішеді. Бірі аспен ішсе, енді бірі бөлек отырып, ештеңемен араластырмай өзін ғана ішеді.
Шай – пайдалы сусын. Құрамында дәрумен мен қабынуда басатын флавоноид сынды пайдалы қоспалар бар. Мұндай қоспа адамды қабыну мен аурудан қорғауға көмектеседі, әсіресе, диабет пен жүрек ауруын болдырмайды.
Шайдың құрамындағы осы флавоноид қоспалар энергия пен калорияны "жағуға" да көмектесетін көрінеді. Мәселен, катехина атты флавоноидтың калория "жұтатын" қасиеті бар көрінеді. Калориямен бірге майдың да еріп кететіні түсінікті. Сондай-ақ шайдың құрамындағы кофеин де калория "жағады". Бұлар бір жағынан адамды артық салмақтан арылтуға көмектесуі мүмкін. Бірақ көп емес, аздап салмақ тастауға әсер етеді.
Ал шайдың адамды жиі дәретке жүгіртетін қасиеті май мен калорияны ерітуге әсер ете алмайды. Шайда расымен дәрет суын көтеріп жіберетін қоспалар бар. Шайды көп ішкенде дәретке жүгіретініміз де содан. Алайда бір ескерері, кіші дәретке қайта-қайта шыққан сайын, адамның ағзасындағы кальций, калий және магний сынды микроэлементтер шайылып кетуі мүмкін. Сондықтан шай ішуге келгенде бәрібір абай болу керек дейді мамандар.
Қ. Слямбек