- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шәй ағашының сиқырлы...
Шәй ағашының сиқырлы майы
Шәй ағашы тек қана Аустралия жерінде өседі. Олар эвкалиптер секілді танымал мирталар классына жатады. Мәңгі жасыл болып тұратын, қағазды еске салатын жұмсақ, ашық түсті тамыры бар, ақ, сары түсті гүлдерімен қызықтыратын және көлеңке түсірмейтін жапырақтарымен ерекшеленетін шәй ағашының майын әмбебап деп атауға болады. Жапырақтары эфир майына бай, олардан камфараның иісі шығады.
Еуропалықтар мен азиялықтар шәй ағашының емдік қасиеті туралы Аустралияның көне тұрғындарынан білген. Ағаш өзінің атауы үшін Джеймс Кукке қарыздар екен. Ол 1770 жылдары жаңа құрлыққа саяхат жасап, өзіне белгісіз осы ағаштың ұзын жапырақтарынан өте дәмді сусын дайындап ішкен.
Жоғарыда атап өткендей, шәй ағашының майы әмбебап келеді. Тіпті, әркімнің үйінде болуы керек майлардың қатарына енеді. Ендеше, "сиқырлы" майдың емдік қасиеттері туралы біле жүріңіз.
Шаш күтімі
Өз сусабыныңыз бен бальзамыңызға 5-10 тамшы шәй ағашының майын тамызып жіберіңіз де, шашыңызды жақсылап жуыңыз. Бұл қоспа шашты тазартып, жібектік сыйлайды. Ал проблемаңыз қайызғақ болса, жоғарыдағы әдісті тағы қайталаңыз. Бірақ сусабында бірнеше минутқа қалдырып қою керек. Шашыңыз тым құрғақ болса, 3 тамшы шай ағашының майы мен ыстық су қосылған қоспаға тарақты батырып алып, шашты тарау керек.
Құлағыңыз ауырса
Зәйтүн майы мен шәй ағашының майын араластырып (2:1 пропорцияда), 1-2 тамшыдан құлаққа тамызыңыз. Қажеттілігінше қайталауға болады.
Суық тию, жөтел, тұмау үшін
Ингаляторға 10 тамшы майды қосып, ұйықтар алдында ингаляция жасаңыз. Тұмау тиген жағдайда кеңсірікті және маңдайды шәй ағашының майымен ысқылаңыз.
Тамақтың ауырсынуы, Ларингит (көмейдің қабынуы) үшін
Жылы суға 5 тамшы майды араластырып, таза дәкені батырыңыз да күніне 2-3 реттен тамаққа қойып қойыңыз.
Бет күтімі
Теріскен шыққан жағдайда ыстық суға 2-3 тамшы шәй ағашының майын тамызып, 5 минут бойы буға бұлаңыз. Безеу мазаңызды алса, өзіңіз қолданып жүрген тазартқыш құралдарға майды қосу жақсы әсер береді. Ұшық пен еріндегі жарықшақтарға 3 тамшы май қосып қайнатылған судың пайдасы зор.
Тіс
Қызыл иектен қан байқаған болсаңыз, қайнаған суға 3-5 тамшы майды тамызып, күніне 2 реттен шәй ішіңіз. Сүйек шірігіне (кариес) шалдыққан адамдар тісті тазалар алдында тіс щеткасына майды тамызып жуса, алғысын айтатын болады. Тістің ауырсынуы кезінде мақтаға майды тамызып, ауырған жерге басу керек.
Күйік шалғанда
Күйген аймақты мұздай сумен тазалап жуып, бетіне бірнеше тамшы шәй ағашының майын тамызыңыз да, ұқыптылықпен уқалаңыз. Күніне екі реттен қайталап тұру керек. Мұндай рәсім теріні микроб түсуден сақтайды.
Шыбын-шіркей шаққанда
Зардап шеккен жерді дереу маймен жақсылап сүртіңіз. Егер шағып алған жерден қауіп төніп тұрса, өсімдік майымен араластырып барып ысқылаған дұрыс.
Бала күтімі
Бала терісіне пайдалы майларға шәй ағашының майын қосып массаж жасайтын болсаңыз, сәбидің терісі өте сезімтал әрі балғын бола түседі. Сондай-ақ, балаңыздың жаялықтарын жууда қиындық туып жатса, 4 литр суға 20 тамшы майды тамызып, жақсылап араластырғаннан кейін жаялықтарды салып, түнге қалдырыңыз.
Массаж
Лосьонға бірнеше тамшы майды араластырып, массажға пайдалансаңыз бұлшық еттегі ауырсынулар басылып, тері жұмсақ әрі балғын бола түседі.
Дайындаған: Айгерім Сматуллаева
Сурет: liveinternet.ru