- Негізгі бет
- Денсаулық
- Шаштың түсуі жайлы...
Шаштың түсуі жайлы трихолог маман не дейді?
Шаш түсу – адам үшін қалыпты жағдай. Өйткені 2-3 жыл сайын ескі шаш түсіп, оның орнына жаңа шаш өсіп шығады. Шаш – өмір бойы жаңарып отыратын адам ағзасындағы жалғыз нәрсе. Сондықтан оның түсуі, бір жағынан, заңды.
Алайда мөлшерден көп және жиі шаш түссе, не істемекпіз? Шаш та адамның терісі мен бет-жүзі сынды ішкі ағзадағы аурулар мен өзгерістерді білдіретін сыртқы симптом сияқты нәрсе. Сол себепті оның себепсіз түсуі жақсы емес.
Шаштың неге түсетінін әрі оның емі қандай екенін маманнан сұрап көрген едік.
Шаш жайлы ғылымды трихология десе, ал шаш терісінің ауруларын емдеумен айналысатын дәрігерді трихолог дейді.
Алматыда дерматотрихологиялық орталықты құрған, дерматолог-дәрігер Жанна Асылбекованың айтуынша, күніне 100 шаштың түсуі – норма, яғни, қалыпты. Ол үшін уайымдаудың қажеті жоқ. Ал егер күніне түсетін шаштың саны 1000-ға жетсе, онда уайымдауға себеп бар. Бұл жақсы емес. Ақырыңдап таз басқа айналуыңыз мүмкін. Мұны алопеция дейді.
Ал шаштың түсуіне көп нәрсе әсер етуі мүмкін. Ең басты себептің бірі – бұл күйзеліс. Мазасыз көңіл-күй. Күйзеліс көбейген кезде, шаш тез түсе бастайды. Бұл, әсіресе, ерлерде кездесетін жағдай.
- Шаштың түсуінің 300-ден астам себебі бар. Олардың арасында қартаю, асқазан мен ішек аурулары, ұйқы безінің бұзылуы, өттің толуы, бүйрек пен бауырдың қабынуы, горманның азаюы, күйзелістен туындаған аурулар, шашқа саңырауқұлақ қаптау, микроспория, трихофития, фавус, радиация, химиотерапея, күйік, улы заттарды ішу, т.б. Нақты қай себеп шаштың түсуіне себеп болып отырғанын білу үшін кешенді сараптама жасау қажет, - дейді маман.
Шаш жиі түсе бастаса, ең алдымен, трихологқа барып қаралу керек. Дәрігер трихоскопия тәсілі арқылы шашқа компьютерлік түсірілім жасап, құйқаның алды-артын, төбесін қарап, талдау жасайды.
- Шашқа нәрлі заттар мен микроэлементтерді, витаминдерді жеткізетін – қан тамыры. Қан айналымы дұрыс болмаса, не бастың құйқысына тартылған тамырлар қысылып қалса, шашқа нәрлі заттар жетпей қалады да, сұйылып, соңы түсуге әкеледі. Трихоскопия бастың әр жерінен түсірілген суреттерге компьютерлік есептеу жасап, кінәраттың неде екенін анықтап береді, - дейді Жанна Зейноллақызы.
Трихоскпопия нақты диагнозды анықтай алмаса, онда ішкі ағзаларға тексеріс жасалады. Содан кейін ғана нақты диагноз қойылып, ем басталады.
- Шашты тез, «шапшаң» өсіретін әлемде бірде-бір дәрі не сусабын жоқ. Ғаламтордағы мұндай жарнамаларға сеніп қалмаңыз. Адам шашының өсуі тікелей ішкі ағзаларына байланысты. Егер ішкі ағза аман, қан айналымы жақсы, зат алмасуы қалыпты болса, онда тектен-текке шаш түспейді. Әрі шашты тек сусабынмен не басқа да жағатын, жуатын заттармен өсіруге болады дегенге сенуге болмайды. Кешенді тексеріс пен кешенді ем-домның арқасында түскен шашты 6-8 айдың ішінде қалпына келтіруге болады, - дейді трихолог.
Соңғы уақыттары жастар арасында да шаш түсу көбейген. Маманның айтуынша, бұған басты себеп – экология, дұрыс тамақтанбау мен спортпен шұғылданбау, салауатты өмір салтын ұстанбау себеп болып отыр.
Сондықтан мамандар дұрыс тамақтанып, спортпен шұғалданып, салауатты өмір салтын ұстануды ұсынып отыр.
Қ. Слямбек