Шахмат ойнаған "азар"

Шахмат ойнаған "азар"
Фото: chesswood.ru

Шахмат әлемінде мынадай бір қызық дерек бар. Ұзақ уақыт тапжылмай шахмат ойнаған адам тез аритын көрінеді. Мұндай жағдай тарихта да болған екен.

Мәселен, 1984 жылы әлем чемпионатына қатысқан КСРО шахмат ойыншысы Анатолий Карпов  48 ойын өткізіп, 10 келі салмақ тастаған. Ал чемпионаттың өзі 5 айға созылған. Бұл жылғы чемпионат сол күйі аяқталмай қалды. Өйткені чемпиондығын қорғаған негізгі үміткердің денсаулығына қауіп төнуі мүмкін еді.

2018 жылы Мэн аралында өткен Халықаралық шахмат турнирінде ойыншылардың  жүрек жұмысы мен энергия тұтынуын бақылау үшін арнайы құрылғы кигізген екен. Сонда Ресей ойыншысы Михаил Антипов екі сағаттың ішінде 560 килокалория жұмсаған көрінеді. Ал мұндай энергия – қарапайым адам бір сағат бойы суда жүруге немесе 8 шақырым марафон жүгіруге жұмсайтын қуат.

2010 жылы Нью-Йорк университетінің ғалымдары адамның миы жай ойланған кезде минутына 0,1 килокалорий энергия жұмсайтынын, ал қатты ойланғанда одан 15 есе көп энергия тұтынатынын дәлелдеген.

Ал приматолог Роберт Сапольскидің айтуынша, шахмат ойыншысы турнир кезінде күніне 6 мың калорий құртады. Бұл адамның күнделікті энергиясынан 3 есе көп. Мәселен, кеңседе отырған адам күніне 1500-2000 калорий энергия "жағады".

Сонда бір шахматшы бір күндік ойында 0,9 келі салмақ тастайды. Ал 10 күндік турнирде 4,5-5,5 келіге дейін аруы мүмкін.

Шахматшылардың тез азуына себеп болатын тағы бір нәрсе – стресс. Ойыншы бір кездесудің өзінде 8 сағат отырып ойнауы мүмкін. Бұл ағза үлкен күйзеліс әрі жүрек жұмысын шапшаңдатып, көп энергия жұмсайды.

Канада ғалымдары 14 еріктіні алып тәжірибе жасаған. Екі топқа бөліп, біреуіне өлең жаттатып, тапсырмаларды орындатады. Ал екіншісі жай демалып жатады. Сөйтсе, бірінші топтың бір сағатқа құртқан энергиясы екінші топтағылардан 200-250 килокалория көп болған. Яғни, ақыл-ойға кеткен энергия физикалық қозғалысқа қарағанда көбірек болатын көрінеді. Бұл ғалымдар ересек адамның миы ағза бөлген энергияның 20 пайызын тұтынанын айтады. Ал балалардікі 60 пайызға дейін жететін көрінеді.  

Осыдан шахмат ойынын арықтауға, салмақ тастауға пайдалануға бола ма деген сауал туады. Бұл жерде ескере кетер бір нәрсе бар. Жоғарыда айтылғандай, шахматшының салмақ тастауына әсер ететін ақыл-ойға жұмсалатын энергия емес, стресс пен жүрек қағысы.

Ал адам арықтау үшін үнемі когнитивтік күрделі тапсырмаларды шешумен айналасуы тиіс болады. Күрделі тапсырмаларға мидың мүлде жаңа нәрсені үйренуі – тіл меңгеруі, музыканы игеруі, басқа да түйіні күрмеу шаруалармен айналысуы керек. Өйткені ми үйреніп алған когнитивті-танымдық тапсырмаларға оңай бейімделеді.

Қ. Слямбек