- Негізгі бет
- Денсаулық
- Сәрсенбі күні салмақ...
Сәрсенбі күні салмақ өлшеу - арықтауға көмектеседі
Артық салмақтан арылуды мақсат тұтып жүрген жандар сәрсенбі күні таразыға тартылғаны абзал екен. Мұндай қызықты зерттеуді Финляндияның «Tempere University of Technology» жоғарғы оқу орнының зерттеушілері жүргізіпті.
Финляндиялық зерттеушілердің мәлімдеуі бойынша, сәрсенбі күні таразыда салмақ өлшеу - артық салмақтан арылуға зор пайдасын тигізеді екен. Себебі, сәрсенбі күні адамның салмағы өзге күндерге қарағанда жеңіл тартатыны дәлелденген.
Зерттеушілер адамдардың көбіне демалыс күндері салмақ өлшететінін анықтаған. Ал сенбі немесе жексенбі күндері адамның салмағы ауыр болады. Өйткені, демалыста адамдар еркіндік пен әлсіздікке бой алдырып, шектен тыс тамақ ішуден де бас тартпайды екен. Нәтижесінде таразыға тартылғанда артық салмақ қосқаны байқалып, арықтау жолындағы мақсаты күл-парша болатын көрінеді.
Сонымен қатар, зерттеушілер арықтау үшін әрекеттеніп жүрген адамдардың екі апта қатарынан салмақ өлшетпесе, қайта салмақ қосатынын да дәлелдегенін айтып отыр. Расында да, салмақ өлшеп тұру да – арықтау үшін алға қойған мақсатқа жетудің бір жолы екенін есте ұстаған дұрыс секілді.
Сурет: medikforum.ru
О. Сансызбай