- Негізгі бет
- Денсаулық
- Плазмаферез деген не?...
Плазмаферез деген не?
Автокөлік газы, никотин, алкоголь, азық-түлік өнімдеріндегі нитраттар... Осылардың барлығы адам ағзасына қауіпті әрі улайды. Олар ең алдымен қанда жиналып, сосын зиянды заттарды бүкіл ағзаға және жүйелерге таратады. Мұның салдарынан иммунитет әлсіреп, түрлі аурулардың дамуы басталады.
Қазіргі таңда заманауи адам үшін қанды тазарту да тісті тазарту секілді қажетті әрі қалыпты шараға айналып келеді.
Қанды қалай тазалауға болады? Тазалау мүмкін бе? Жауап – иә. Қанды тазарту әдісі бар. Ол плазмаферез деп аталады. Бұл терминнің атауы "плазм" - плазма және "аферез" - жою" деген грек сөздерінен қалыптасқан.
Плазмаферез деген не? Қандай ауру-сырқаулар кезінде емдік плазмаферез курсы ұсынылады?
Біздің бұл сұрақтарымызға А.Н. Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының нефролог дәрігері Дабылтаева Құралай Серікқызы жауап береді.
Плазмаферез – қанды уытты заттардан тазартатын арнайы процедура. Бұл шара барысында түрлі аурулардың дамуына ықпал ететін қандағы патологиялық өнімдер және сұйық бөлігі (плазма) жойылып, тазартылады.
Плазмаферез процедурасы қандағы эндогендік және экзогендік токсиндерді, айналымдағы иммундық кешендерді, аллергендерді, антиденелерді, холестеринді және т.б. жоюға немесе азайтуға көмектеседі, - дейді нефролог дәрігер.
Мынадай аурулар кезінде емдік плазмаферез курсы тағайындалады:
- Кез келген аллергиялық аурулар (дәрілерге, тамаққа, цитрусқа аллергия, Квинке ісігі, қышыма, терідегі бөртпелер);
- Дерматология (экзема, псориаз, дерматит, пиодермия);
- Тыныс алу мүшелерінің аурулары (бронхиалды астма, созылмалы бронхит);
- Гипертониялық аурулар (қанның қоюлануы, қан қысымының жоғарылауы, атеросклероз);
- Гастроэнтерология (цирроз, гепатит, сары ауру – билирубиннің жоғарылауы, механикалық сарғаю, холестерин деңгейінің көтерілуі, гиперхолестеринемия, созылмалы холецистит, панкреатит);
- Эндокринология (қант диабеті және оның асқынулары – диабетикалық "табан", қалқанша без аурулары – гипертиреоз);
- Бүйрек аурулары (пиелонефрит, гломерулонефрит, қызыл жегі нефриті, бүйрек және несеп жолдарының инфекциясы);
- Урологиялық аурулар (простатит, вирустық және герпетикалық инфекциялар);
- Гинекология (ұрпақ өрбітуге қатысты қиындықтар туындататын хламидий, герпес секілді вирустық инфекциялар).
Н. ҮсеноваСондай-ақ плазмаферезді дәрігер ғана тағайындай алады. Бұл процедура дәрігердің толық бақылауы арқылы жүзеге асырылуы қажет. Кәсіби маман ғана диагностика жүргізіп, нақты жағдаятта плазмаферездің науқасқа қажеттілігін анықтап, қарсы көрсетілімдерді айқындайды және қажетті процедуралар санын белгілеп, емдік курсты тағайындайды, - дейді Құралай Серікқызы.