- Негізгі бет
- Денсаулық
- Пияздың денсаулыққа...
Пияздың денсаулыққа 5 пайдасы
Елімізде көп тараған көкөністің бірі – пияз (кей аймақтар "сарымсақ" дейді). Онсыз тамақ жасалмайтын сияқты көрініп тұрады кейде. Пияз адамға пайдалы дегенді де көп естідік. Ендеше осынау көкөністің адамға қандай пайдасы бар екен, соған тағы бір тоқталып көрейік.
Басты 5 пайдасын ұсынамыз.
Антиоксидант. Пияздың құрамында флавоноид сынды өсімдік тектес химиялық заттар мол. Пиязда 25-тен астам флавоноид тектес және күкіртті заттар болады. Бұлар антиоксидант қызметін атқаруға көмектеседі. Яғни, созылмалы ауру мен қатерлі ісіктің оянуының алдын алады. Диабеттің да алдын алуға пияз көмектеседі.
Жүрек жұмысы. Жоғарыда айтылған флавоноид жүрек ауруын басып, басқа да қан-жүрек ауруларының алдын алуға көмектеседі. Қан қысымын және қандағы жаман холестериннің көлемін түсіруге ықпалы бар.
Сүйек. Пияз сүйекті минералмен байытуға қауқарлы. Адам ағзасында қышқылдану процесі жиі жүріп, содан сүйектегі минералды заттар шайылып, сүйек массасы азайып кетуі мүмкін. Ал пияздың құрамындағы антиоксиданттар ағзадағы қышқылдану процесін айтарлықтай төмендетеді. Содан сүйектің беріктігі тұрақты болады.
Ішек жұмысы. Пияздың құрамындағы жасұнық баяу қорытылады, кейде қорытылмай қалуы да мүмкін. Ал мұндай жасұнықпен ішектегі пайдалы бактериялар қоректенеді. Содан ішек жұмысы жақсарады. Ондай бактерия май қышқылын өндіріп, сол арқылы ағзаның иммунитетін қалыптастырады.
Бактерияны құртады. Пияздың халық емшілігінде алатын орны ерекше. Онымен тұмауды, жөтел мен суық тиюді қайтаруға болады. Пияздың бактерицидтік қабілеті басым. Ағзаға түскен ішек таяқшасы, көкіріңді таяқша, стафилококк сынды патогенді бактерияларды "өлтіреді".
Қ. Слямбек