Пайдалы тамақ дайындау үшін макаронды қалай таңдаған жөн?

Қазір нан өнімдерінен қашатындар көбейді. Өйткені оның құрамында глютен, ашытқы бар деп қауіптенеді. Ал глютен ішек жұмысын қиындатып, ағзаға керек микроэлементтер мен дәрумендердің жолын бітейді деседі.

Елдің нанды, оның ішінде макаронды күнде жемей, аз жеу керек дейтіні содан. Бірақ әр нәрсенің шегі мен шеті, нормасы мен ортасы бар. Нан мен макарон жеудің де өзіндік орны бар.

Макаронды ағзаға зиянын тигізбейтіндей етіп жеудің, дайындаудың жолы баршылық. Бастысы макаронды дұрыс таңдай білу керек. Өйткені оның түрі көп әрі адам ағзасына тигізер әсері де әртүрлі. Ендеше ең алдымен макаронды таңдауға мән берейік.

Диетологтардың айтуынша, бидайдың рафинадталған сортынан жасалған макарондарды алмауға кеңес береді. Өйткені мұндай макаронда тез қорытылатын көмірсу көп болады. Оның орнына ұнның қатты сұрпынан дайындалғанын алған жөн. Ондай макаронның құрамындағы глюкоза тез қорытылмай ұзақ жатады, қанға берілетін мөлшері де тепе-тең болмақ. Асқазан біраз уақыт тоқ жүреді. Содан зат алмасуы да тұрақты болмақ. Есесіне, мұндай макаронның құрамында ақуыз бар. 100 грамға шаққанда 12 грамм. Барынша көп болса, соғұрлым жақсы.

Құрамында су мен ұн ғана бар, бояғышы мен басқа да қоспалары жоқ макаронды таңдаған жөн. Оны өнімнің қаптамасына қарап оқыңыз. Сапалы өнімнің сыртында бәрі жазылып тұрады.

Жақсы макарон 8 минутта-ақ піседі. Кейде езілгенше пісірмей, біраз шикілей пісірген де жақсы. Оны Италия жұрты «al dente» (тіскебасар) дейді. Асқазан шамалы шикі асты қорытуға көбірек энергия жұмсайды да макаронның гликемиялық индексі төмендейді.

Макаронға қосар тұздыққа да мән беріңіз. Зәйтүн майы мен балықты, бұқтырылған көкөністі, теңіз өнімдерін қоссаңыз, «қатып кетеді». Италия жұрты макаронды дәл осылай жейді. Етін көк шөппен, зәйтүн майымен араластырып тұтынады. Ал майлы ет мен маргарин майын, сары майды қосудан аулақ болыңыз.

Күніне 100-120 грамм макарон өнімін жесеңіз жеткілікті. Сондықтан аздаған макарон мен оған томат тұздығын, зәйтүн майы мен теңіз өнімдерін қосып жегеніңіз абзал. Сонда ағза өзіне керек дәрумен мен пайдалы затты тең деңгейде алып, ішек жұмысына ауырлық түсірмейді.

Бұлай жеген макаронның крахмал құрылымы бұзылмайды, содан қанға да қант көп кетпейді.

Макарон – дәмді тағам. Бала да, үлкен кісі де жақсы көреді. Сондықтан ретімен тұтынып, пайдасын көріңіз.