- Негізгі бет
- Денсаулық
- Пайдалы ботқалар...
Пайдалы ботқалар
Әр жарма қандай пайдалы қасиеттерге ие және күнделікті өмірде қайсысын жиі тұтынған дұрыс – саралап көрейік.
Сұлы жармасының ботқасы
Бұл ботқаны жиі тұтыну арқылы асқазан-ішек ауруларынан арылуға болады. Ол ағзаны энергиямен қамтамасыз ететіндіктен, адам күні бойы сергек жүреді. Оның құрамында жасұнықтың төрттен бір бөлігі болады, ал бір стақан құрғақ геркулес сұлы жармасы бұл элементтің тәуліктік нормасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар сұлыда ішектегі майдың сіңуіне көмектесетін фермент бар. Сұлыны қайнату кезінде пайда болатын шырыш өте пайдалы. Бұл сұйықтық асқазаннан барлық микробтар мен токсиндерді жуып шығарады, ішек пен асқазанның шырышты қабатын бүркейді.
Дәрумендер: Сұлыда көп мөлшерде Н дәруменінің биотині болады. Бұл холестерин, аминқышқылдары мен ақуыздың алмасуына белсенді қатысады. Н дәрумені адамның көңіл-күйін жақсартып, тері саулығын қамтамасыз етеді.
Кемшілігі: Сұлы ботқасындағы фитин қышқылы ішектегі кальцийдің сіңуін баяулатады. Сонымен қатар, сұлы ботқасы сүйектердегі кальцийді жуып шаяды және ішекке сіңуіне кедергі келтіреді.
Күріш ботқасы
Күріш ботқасы ас қорыту ауруларында және диареяда көмекке келеді. Оның құрамында көп мөлшерде көмірсулар мен жасұнықтың ең пайдалы заттары кездеседі. Күріштің құнарлы қасиеттері оның түріне байланысты әрқилы болады: ақ күрішке қарағанда қоңыр және буға піскен күріште микроэлементтер көбірек. Ақ күріште аса пайдалы ештеңе жоқ. Күріш ботқасы жүйке жүйесін қатайтады және нәрлі заттарды энергияға айналдырады. Жапон зерттеушілері күріштің денсаулыққа ғана емес, интеллектті дамытуға көмектесетінін дәлелдеген екен.
Дәрумендер: Барлық жармалардың ішінде күріште ең көп мөлшерде жоғары сапалы крахмал (77,3%) болады. Және ақуыздың биологиялық құндылығы бойынша бірінші орында. Бұл жарма тиамин (В1), рибофлавин (В2), ниацин (В3) мен В6 дәрумендерінің қайнар көзі.
Кемшілігі: Күрішті шаншу кезінде тұтынбаған жөн. Оған қоса, күріште көп мөлшерде көмірсулар мен крахмал бар. Бұлар майдың түзілуіне ықпал етеді.
Арпа жармасының ботқасы
Сұлы жармасына қарағанда арпа жармасында дәрумендер аз болса да, ол ас қорытуды жақсартады, ағзаға күш пен қуат береді. Сонымен қатар, арпа жармасы іш қату кезінде ішек ауруларын емдеуге көмектеседі.
Дәрумендер: Арпа жармасында В тобындағы дәрумендер, жасұнық, өсімдік ақуызы бар.
Кемшілігі: Ботқа суып қалса, дәмі кетіп, дұрыс қорытылмайды.
Тары ботқасы
Егер жүрек-тамыр жүйесі зардап шегіп жүрсе, онда осы ботқа аса пайдалы. Диетологтар тары сорпасын ішуге кеңес береді.
Дәрумендер: Құрамында ақуыз, никотин қышқылы, мыс, марганец және мырыш бар.
Кемшілігі: Тарыда көп мөлшерде май болатындықтан дән ұзақ уақыт сақталса, қышқыл тартып қалады. Сондықтан, оны ыстық сумен мұқият жуып, біршама уақытқа суық суға салып қою қажет.
Қарамық ботқасы
Ел арасында қарамық ботқасын мини-дәріхана дейді, өйткені ол ағзаны уланудан құтқарып қана қоймай, ішек-қарын ауруларын емдеуге көмектеседі. Ол ағзадан зиянды токсиндерді шығарады, жүрек-қан тамырлары ауруларының алдын алады. Сонымен қатар, бұл ғажайып жарма семіздік, қант диабеті кезінде зат алмасудың бұзылуын қалыпқа келтіруге көмектеседі. Ботқа әлеуетті көтереді, асқазан-ішек жарасын емдеуге ықпал етеді, ұйқы безі ауруларында ұсынылады.
Дәрумендер: Қарамық ботқасында орташа мөлшерде 14% ақуыз, 67% крахмал, 3%-дан астам май болады. Сонымен қатар, В1, В2, В6, РР дәрумендеріне, фосфор, калий, марганец, кальций, темір, магний сынды минералды заттарға бай.
Кемшілігі: Ботқа сәби балалардың ас қорытуын қиындатады.
Бидай және қара бидай қалдығы
Тартылған ұнның қалдығында дәннің шипалы күші болады. Қалдықтар ас қорытуды жақсартып қана қоймай, ағзадан зиянды ауыр металдардың, радионуклидтердің шығуына ықпал етеді. Олар ағзаға жақсы сіңіп, ішекті тазартады. Қалдықтар толық адамдарға өте пайдалы, олар асқазанда ісініп, тойып тұрғандай әсер береді.
Дәрумендер: Қалдықтарда көп мөлшерде В тобының дәрумендері, минералды тұздар (калий, магний, фосфор, темір) болады. Әсіресе қалдықтарда көп мөлшерде жасұнықтың болуы маңызды.
Кемшілігі: Қалдықтарда ірі ұнтақтар көп болатындықтан ас қорытуды қиындатуы мүмкін. Сондықтан, ботқаны сәбилерге беруден бас тартқан жөн. Сонымен қатар, асқазан жарасының асқынуы және ұлтабар ауруларында тұтынуға тыйым салынады.
Ұнтақ ботқасы
Бұл ботқа, әсіресе, балалар денсаулығы үшін қолайлы, ағзаны қалыпта сақтау үшін осы ботқаны тұтыну ұсынылады. Бірақ ол тек балаларға ғана емес, ересектер үшін де өте пайдалы. Ботқа сүйек пен ішек-қарын жолдарына өте жақсы әсер етеді.
Дәрумендер: Құрамында фосфоры бар фитин заттегі кездеседі. Бұл элемент кальций тұздарын байланыстырып, қанға сіңуінің алдын алады.
Кемшілігі: Балаларға ботқаны көп мөлшерде беру құпталмайды, өйткені ол D дәрумені мен темірдің денеге сіңуін төмендетеді. Сонымен қатар, барлық жармалардағыдай, мұнда да глютен балауызды ақуыз бар. Ол ағзадағы көмірсудың мөлшерін арттырады.
Арпа ботқасы
Арпа ботқасы аминқышқылдарға бай. Оның құрамындағы індетке қарсы әрекет атқаратын, ұшық шығудың алдын алып, салқын тиюден қорғайтын лизиннің пайдасы зор. Лизин әжім түсуді баяулататын коллагеннің түзілуіне белсенді атсалысады. Арпа жармаларында 2%-ға жуық май, 4,5% жасұнық, 66% көмірсу, 11% ақуыз болатынын ескерсек, қаншалықты құндылығы жоғары екенін байқаймыз.
Дәрумендер мен минералдар: арпа жармасында (100 грамм өнімде): 477 мг калий, 93 мг кальций, 12 мг темір, сонымен қатар, марганец, мыс, цинк, никель, кобальт, молибден, стронций, хром, йод, бром бар. Ең бастысы арпа ботқасында ең жоғары мөлшерде фосфор болады (353 мг). Арпада оның толық жиынтығы бар: А, D, Е, РР және В тобының дәрумендері.
Сурет: shkolazhizni.ru, italian-kulinar.ru, howcooktasty.ru, telegraf.com.ua
Дайындаған: Анар Мұстафина