- Негізгі бет
- Денсаулық
- Павлодарлық оқушылар диабетке...
Павлодарлық оқушылар диабетке қарсы сусынға патент алды
Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 11-сынып оқушысы Абылайхан Кәріпбай мен 9-сыныптың оқушылары Адель Камалдинова, Азиза Киреева «Шай саңырауқұлағы негізінде алынған диабеттік сусын» пайдалы моделі патентіне ие болды.
Бұл қуанышты жаңалықты pavlodarnews.kz агенттігіне биология пәнінің мұғалімі Торғын Ғинаят жеткізді.
«Соңғы жылдары қант диабетімен ауыратын науқастардың саны артып келе жатқаны белгілі. Сондықтан аурудың алдын алу мақсатында осындай пайдалы емдік сусынды әзірлеуді жөн көрдік. Ғылыми жетекшісі – биология ғылымдарының докторы, Павлодар мемлекеттік педагогикалық университетінің биоценология және экологиялық зерттеулер орталығының директоры, жалпы биология кафедрасының профессоры Бибігүл Жұмабекова», – дейді Торғын Ғинаят.
Оның айтуынша, оқушылар ғылыми жетекшімен бірге шай саңырауқұлағын өсіру әдісін зерттеп, микробиологиялық зерттеулер жүргізген және нәтижесін ғылыми мақалаларда жариялаған.
Шай саңырауқұлағы негізінде алынған «Алтын батыр» диабеттік сусынына лимон және түймедақ, қант және жасанды қант қосылған. Сонымен қатар табиғи сусындар өндірісінің макетін құрастырған. Өндірістік жағдайда өндірудің технологиялық жақтарын қарастырып, өңіріміздегі орталықтардың бірінде эксперименттік тәжірибе жүргізген.
«Бұл жобаны дайындау үшін көп уақыт пен күш жұмсадық. Түрлі қалаларға барып, жобамызды қорғадық. Жүлделі орындарға ие болдық. Біздің жобамен дайындалатын сусынның пайдасы мол екеніне күмәніміз жоқ. Оның құрамына шай, қант алмастырғыш, су және ашытқы кіреді. Тұтынушыларға ұнайды деген сенімдеміз», – дейді жоба авторларының бірі Адель Камалдинова.
Жоба жетекшілері пайдасы мол диабеттік сусындарды алдағы уақытта жергілікті дүкендерден сатып алуға болатынын айтады.