Неге жүрегі ауыратындарды қуырылған тамақ жеуден шектейді?

Неге жүрегі ауыратындарды қуырылған тамақ жеуден шектейді?
Фото: medportal.ru

Қуырылған тамақты көп жеген адам жүрек-қан тамыры ауруларына шалдығуы мүмкін. Бұл жайлы Heart журналында жарияланған зерттеуде айтылған, деп хабарлайды MedicalXpress.

Қуырылған тамақтың адам ағзасына әсерін зерттеу мақсатында Қытай ғалымдары екі бағытта талдау жасап, мәліметтерін салыстырған. Ең алдымен 17 зерттеуге қатысқан 562 мың адамның мәліметтерін алып, қуырылған тамақтың жүрек пен қан тамырына қалай әсер ететінін талдаған.

Содан кейін өлім жағдайын зерттеген 6 зерттеу жұмысын алып, 755 мың адамның мәліметтерін тексерген.

Талдау нәтижесі көрсеткендей, қуырылған тағамды көп жейтіндердің инсульт пен инфаркқа шалдығуы 28%-ға, жүрек ауруына шалдығуы 22%-ға, жүрек кемістігіне шалдығуы 37%-ға көбейетіні белгілі болған. Яғни қуырылған тамақты көп жегенде жүрек және қан тамыры ауруларына жиі шалдығады.

Зерттеушілердің айтуынша, тағамдардың арасында қуырылған картоп пен балық етінің нәтижелерін ғана талдаған.

"Сондықтан қуырылған тамақтың адам ағзасына зияны жайлы толық зерттеу жүргізілді деуге болмайды", - дейді ғалымдар.

 

Қ. Слямбек