- Негізгі бет
- Денсаулық
- Мойын ауруы ...
Мойын ауруы
Компьютер алдында ұзақ жұмыс істегенде немесе көп уақыт қолайсыз отырғанда, жазу жазғанда мойнымыз бен иығымыз ауыратыны бар. Әрине, ол бізге жағымсыз әсерді туғызады. Егер мойныңыздың ауырғаны үш күн ішінде басылмаса, дәрігердің көмегіне жүгініңіз. Себебі, ол мойын остеохондрозына ұласып кетуі мүмкін. Ал остеохондроз асқынып кетсе, адам мүгедекке шалдығуы мүмкін. Сол себепті оны уақытылы анықтап, нерв талшықтарының қажалуын тоқтату керек.
Халық арасында «мойын остеохондрозы кезінде миға оттегі жетпей қалуы мүмкін» деген түсінік бар. Алайда ол қате пікір. Себебі, оттегі жетпей қалу мәселесі қан айналым жүйесіне ғана байланысты болады немесе бұлшық ет жиырылуынан да болуы мүмкін. Сол себепті мойныңыз ауырса, бірінші невропатологқа бару керек. Арнайы мамандар остеохондроздың бірнеше деңгейі бар екенін айтады. Мәселен, ол енді басталып келе жатуы мүмкін немесе қауіпті болуы, асқынып кетуі де мүмкін. Сондықтан үй жағдайда оның қай деңгейде екенін анықтай алмайсыз.
Мойын омыртқасында 7 омыртқа орналасқан. Ол бас бөлігін көтеріп тұрады. Мойын өзінің құрылымына сәйкес орталық ми мен перифериялық арқа арасындағы аймақтың қызметін атқарады. Мойын бөлігіндегі аурулар, бас ауруы, құлақтағы шу, бастың айналуы, күйзеліске түсу, қан тамырларының дистония ауруы, т.б. сырқаттар омыртқаның мойын бөлігімен тығыз байланысты болады.
Мойын ауырғанда қандай әрекеттерді жасауға болмайды?
1. Мойын қатты ауырғанда гимнастикалық жаттығулар жасамаңыз. Дене шынықтыру денсаулыққа пайдалы болғанымен, ауру кезінде кері әсерін беруі мүмкін.
2. Ауырып тұрған мойынды "қытырлатудың" да қажеті жоқ. Бұл жағдайды ушықтырып жібереді.
3. Сонымен қатар мойын омыртқасын түзету үшін жақындарыңыздың көмегіне жүгінбеңіз. Омыртқада жұлынның шырышты қабаты орналасқан, сондықтан мойынға жасалған кез-келген әрекет байыппен, жаймен жасалуы керек.
4. Мойын тұсындағы ауырсыну кезінде монша, сауна қабылдауға болмайды. Егер мойныңызға суық тиіп асқынса, монша алғашында ауру белгілерін (симптомдарын) жеңілдетуі мүмкін. Алайда ауру қайта айналып келсе, оны емдеу ұзақ уақытқа созылады.
5. Дәрігерлер мойын ауруы кезінде ішпен емес, дұрысы арқаңызбен немесе ортопедиялық ыңғайлы жастықта қырынан жатуға кеңес береді.
6. Егер алыс сапарға шығатын болсаңыз, өзіңізбен бірге үрлемелі немесе таға секілді жастық алғаныңыз дұрыс. Ол мойныңызды ұстап тұруға көмектеседі және ұйықтап кеткен жағдайда басыңыздың бір жаққа қисайып кетуінен қорғайды.
Есіңізде болсын, ауру кезінде ыстығыңыз көтеріліп немесе басқада жағымсыз әсерлер байқалмаса, өзіңізді емдей аласыз. Ең бірінші, бұлшық ет пен буындардағы қан айналымын жақсарту қажет. Ол үшін кез-келген денені қыздыруға арналған жақпа май көмекке келеді. Яғни, аурудың алдын алу үшін мойынды мұқият қыздырып алу керек. Сонымен қатар, ауру белгілерін жеңілдетуде кез-келген спиртті немесе электронды қыздыру компрестері де жақсы көмектеседі. Дәрілік құралдарға қарағанда, осы айтылғандар қатты ауырсынуды басады. Қосымша, түрлі емдік жаттығуларды да жасауға болады. Мәселен, суда жүзу, турникке тартылу, таза ауда көп серуендеу, дұрыс тамақтану, ағзаға Д дәруменінің жеткілікті болуы т.б. мойын омыртқасының саулығы үшін өте қажет.
Н. Үсенова