- Негізгі бет
- Денсаулық
- Менингит несімен қауіпті...
Менингит несімен қауіпті және одан қалай қорғану керек?
Миқұрт (менингит) — бұл халық арасында көп таралған дерттiң бiрi, өте қатерлі ми ауруы, мұнымен көбінесе балалар ауырады. Ол басқа аурулардың, шешек, мысқыл (шықшыт безінің қабынуы), көкжөтел немесе құлақтың қабынуы сияқты аурулардың асқынуынан болады. Туберкулезбен ауыратын анадан туған балалар кейде туғаннан кейінгі алғашқы айларда туберкулез менингитімен ауырады.
Ертеде бұл аурумен науқастанған жан ем табылмауы себептi көп өмiр сүрмеген. Ал бүгiнгi таңда жетiлген медицинаның көмегiмен құлантаза айығып кететiн адамдар саны артып келедi. Көбiне суықтан болатын бұл кесел ми мен жұлынның жұмсақ қабықтарының қабынуынан туындайды.
Ең алғаш рет оған қарсы емдiк препаратты 1887 жылы А. Вейксельбаум ойлап тапқан болатын. Сонымен қатар менингит бактериясы жөтелу кезiнде ауа арқылы жұқпалы түрге алмасады. Мұрынға түскен бактерия жұлынға жетiп, қан айналымына енiп, қоздырғыштарды күшейтедi. Менингиттiң жұқпалы түрiне шалдыққан адам ауруды таратушы болып саналады. Сонымен қатар менингит жүйке жүйесiне қатты әсер етiп, нәтижесiнде менингиттiң жүйке жүйесiне әсер ететiн түрiне шалдыққандардың 20 пайызы өз өмiрiмен қоштасады. Менингиттiң туындауы — адамдардың тығыз орналасуынан, тазалық сақтамаудан, сонымен қатар, ауруды тарататын ошақтардың жақын болуынан. Сондай-ақ кейде денеге түскен жарақаттан, құрт ауруынан, тұмау мен iш сүзегiнен де пайда болады.
Минингит ауруы жайлы мамандардың пікірі
Ләззат Ералиева, «С.Д. Асфендияров атындағы Қазақ Ұлттық медициналық университетінің » Балалар жұқпалы аурулар кафедрасының профессоры, Тұрғындарды иммундау жөнінде Консультативтік комиссия төрағасының орынбасары
– Ләззат Тасболатқызы, менингококк деген не және ол несімен қауіпті?
– Менингококк – ол бактерия. Менингококк бактериясының 12 түрі бар. Олардың 6-уы (A, B, C, W135, Y, X) адам өміріне қауіпті. Бұл бактериялар мұрын мен жұтқыншақтың шырышты қабығында болады және бір адамнан екіншісіне жеке тығыз байланыс кезінде, бір мекемеде бірге ұзақ отыру кезінде жұғады. Менингококк инфекциясы науқасқа шұғыл медициналық көмек көрсетілгеніне қарамастан және аурудың асқынуынан өлімге апару мүмкіндігінің жоғары болуымен қауіпті. Одан аман қалған әрбір бесінші адамды өмірінің соңына дейін сіңірдің тартылуы, аяқ-қолдың қозғалмауы, бүйрек аурулары, кереңдік және ақыл-естің кемістігі тәрізді шектеулер мазалайды деп есептелінеді. Менингит – ол өте қауіпті инфекциялық ауру, бас және жұлынның жұмсақ қабығының қабынуы және түрлі бактериялар мен вирустардан туындауы мүмкін. Менингококк менингиттері (менингококк қоздырғышы тудырған) аса қауіпті. Менингитке апаруы мүмкін пневмококк және гемофильді инфекциялар Қазақстанның ұлттық екпе күнтізбесіне кіреді.
Сусанна Харит, «федералдық дәрігерлік-биологиялық агенттіктің балалар инфекциясы ҰҒИ» ФМБМ инфекциялық аурулардың алдын алу бөлімінің жетекшісі, Ресей
– Менингококк инфекциясына қарсы екпе барлық елдердің күнтізбесінде енгізіле бермейді? Неліктен?
– Оның себептерінің бірі – қаржыландыру. Ол – ең қымбат екпелердің бірі. Бірақ ауру салдары өте ауыр болуы мүмкін. Ағылшындар менингококктың иммундық профилактикасын тегін екпелер күнтізбесіне қалай енгізгенін білесіз бе? Менингококк инфекциясымен ауырып, оны жеңіп шығып, алайда мүгедек болып қалған қыздың ата-анасы бұл мәселеге назар аударту үшін қоғамға осы оқиға туралы ашық айтты. Ауру салдарынан баланың аяқтары мен бір қолы ампутацияланып, бүлдіршін қыздың күнделікті өмірі түсірілген бейнеролик ғаламторға жарияланды. Ол Ұлыбританияның денсаулық сақтау министрлігі тегін иммундау туралы шешім қабылдауы үшін көп қол жинаған. Нәтижесінде Англия менингoкокк инфекциясы профилактикасын күнтізбеге алғаш болып енгізген ел атанды.
Ал басқа елдерге қарасақ, менингококк инфекциясына қарсы вакцина Еуропа елдерінің үштен екісінде егіледі, алайда менингококктың барлық түріне қарсы вакцина олардың бәрінде жасала бермейді. Англия, Австралия, жуырдан бастап АҚШ менингококктың 5 негізгі түріне қарсы екпе егеді. «Менингококк белдеуі» бар Африка елдерінде тұрғындарды егу деңгейі жоғары, бірақ вакцина барлық бактерияларды қамтымайды. Қазір Африка құрлығы елдерінде көпвалентті вакцина қолдану қажеттігі туралы мәселе көтеріліп жатыр.
Миқұрттың белгілері
Миқұрттың ең кеңінен таралған белгілері бас ауруы, мойынның бұлшықеттінің ұюы, қалтырау, ойлау естің бұзылуы (комаға дейін), жарық пен дыбысқа сезімталдықтың артуы болып табылады. Науқаста жүрек айну және құсу, жалпы әлсіздік, жүрек соғысының бұзылуы, бұлшықеттің ауруы байқалады. Менингеальдық белгі Кернига және Брудзинский белгілерімен сипатталады: науқас мойнын иілдіре алмайды, тізе буындарын бүге алмайды. Гиперестезия гиперсезімділік кезінде байқалады: адам жарық шам, қатты дыбыс, жанасуларды көтере алмайды.
Ауру басталғанда науқастың дене қызуы көтеріледі, басы ауырады, құсады. Ал бір жасқа дейінгі балалардың іші өтуі де мүмкін. Былай қарағанда бұл белгілері тұмауға ұқсайды. Сондықтан көп адам ауруды асқындырып алып жатады. Үйде, өзіндік жолмен емделеді, тәуіпке барады немесе мүлдем басқа дәрілік препараттарды қабылдайды. Тағы бір жәйт бар. Ауру балаларға үйір келеді. Себебі олардың иммундық жүйесі толығымен қалыптаспаған. Сондықтан қоздырғыштар бала ағзасына тез жұғады. Жоғарыда айтылғандай, ауруды бірден анықтау мүмкін емес. Жасырын түрде өрбитін ауруды кей ата-аналар баласының тіс жаруымен байланыстырып жатады. Баланың құсуы мен мазасыздануы, үнемі жылай беруі тіс жарған кездегі белгілерге ұқсағанымен, олай болмауы да мүмкін. Көп ата-ана осы уақытты өткізіп алып, бармақ шайнап қалатын кездер аз емес. Ал емделу уақыты өтіп кеткен баланы аурудан айықтыру оңай шаруа емес. Көп жағдайда бала өліп кетеді. Ал кейде ми жасушалары қатты зақымданып, ақыл-есі дұрыс дамымай қалады. Ауру дер кезінде анықталып, тиісті ем жасалса айығып кету мүмкіндігі 100 пайыз.
Сол үшін менингитті ауырмай тұрып алдын алған жөн
• Иммунитетті жоғарылату. Дұрыс тамақтану, ұйықтау т.б.
• Кез келген ауруды дер кезінде емдеу.
• Қолды әрдайым таза ұстау, кез келген азық-түлікті тұтынардан бұрын жақсылап жуу.
• Басыңызды зақымдап алсаңыз міндетті түрде дәрігерге қаралыңыз.
• Жақындарыңызда менингиттің белгілерін байқасаңыз тезірек жедел жәрдем шақырыңыз. Сонымен қатар оны неврологиялық бөлімге апарғандарын қадағалаңыз, себебі менингитті те неврологияда ғана емдейді.
Минингитпен ауырған балалардағы алғашқы белгілер
Менингит – бұл жұқпалы сырқаттанушылық, жұлын және бас миының қабынуы. Сырқаттану кезінде бас миының жасушалары зақымданбайды, қабыну процесі сырттан дамиды. Сырқаттанушылық сирек кездеседі, бірақ өте ауыр өтеді.
Инкубациялық кезең 2 - 10 күн аралығында созылады. Дене қызуы 39-40 °C дейін көтеріліп, қалтырау белгісімен ауру жіті басталады. Балалар басының қатты ауыруына шағымданады, жиі құсады. Арқа және омыртқа тұстарында ауырсыну белгілері болуы мүмкін. Бас кезінде науқастың ақыл-есі сақталады, бірақ кейіннен бұлыңғыр болуы мүмкін немесе мүлдем естен танады. Бұл сырқаттың маңыздысы ауырғаннан кейін 1-ші күннен пайда болатын құрысу белгісі болып табылады. Науқаста сандырақтау байқалады. Баланың жатысына тән қалып болады: қырынан тізе және жамбас буындары бүгіліп жатады, басы шалқайған, аяғы ішіне жиналған. Әрбір тітіркенгішке сезімталдығы жоғарылайды. Баланың беті бозарып, аянышты түр пайда болады, сирек жағдайда балалардың іші өтеді. Тілі құрғап, ақ дақтар пайда болады. Көздің қыли болуы, мұрын мен ерін қатпарының тартылуы бас миының зақымдалғанына дәлел болады.
Жас ерекшеліктеріне қарамастан науқастарды ауруханада емдейді. Арнайы, кешенді - антибиотик, вирусқа қарсы дәрілік заттардан тұратын ем жүргізіледі. Ауыр жағдайда реанимациялық ем шаралар жүргізілуі мүмкін. Менингит толық жазылады. Емнің нәтижелілігі ауруханаға уақытылы жатумен және емнің тағайындалуына байланысты.
Т. Раушанұлы