Линзаны қалай күту керек?

Линзаны қалай күту керек?

Өзім линза тағатын адамдардың қатарына кіремін, әрі 5 жылдық тәжірибем бар болғандықтан, сіздерге біраз ақпарат бере аламын. Соның бірі линза күтімі жайлы кеңестер.

Линза тағатын адамдардан жиі арыз еститініміз бар. Олар көбіне «ыңғайсыз», «көзіңде бірдеңе тұрған сияқты», «көзімді қызартып жібереді», «басым айналады», «көзімді тез шаршатады», «көзім бұлдырлап кетеді» және тағы да басқа сөздер. Егер сіз қалада тұратын болсаңыз, көліктердің көптігінің әсері тиеді. Яғни, бу, түтін және шаң линзаңыздың ыңғайсыздығының бірден бір себебі. Сонымен қатар линзаны тағу уақытының да салдары бар. Егер сіздің линзаңыз сегіз сағатқа арналған болса, оны жеті сағаттан артық тақпағаныңыз жөн. Көзіңіздің шаршайтын себебі де осыдан. Кешкі уақытта линзаны шешкен соң ұйқыңыздың шайдай ашылатынын өзіңіз де байқаған шығарсыз.

Линзаны тағуды жеңілдететін арнайы жабдықтары болады. Оның бірі – арнайы линзаға арналған тамшы. Линзаны тағудың алдында міндетті түрде арнайы ерітіндімен тазалап алу керек. Және де өзінің қысқышы немесе қасықшасымен алып-салғаныңыз дұрыс. Оларды да алдын-ала ерітіндімен тазартып алыңыз. Линзаңызды шешу алдында линза салатын ыдысты қайнаған сумен шайып алып, ерітіндіні линза бататындай етіп толтырып алыңыз. Міндетті түрде линзаны шешіп, қысқышпен ұстап тұрып, ерітіндімен екі жағын тазалаңыз. Содан кейін ыдысына салуыңызға болады. Бұл кеңестерді орындасаңыз ешқандай да ыңғайсыздық сезінбейсіз.


Ал көзіңіздің бұлдырлап кету себебі линзаның жаман-жақсылығында емес, сіздің көзіңіз күні бойы жұмыс істегендіктен, уақыт өте көзіңізде ақшыл түсті сұйықтық жиналатыны белгілі, ал онда бөтен зат тұрғандықтан, жиналған сұйықтық көзіңізді ашып-жұмғанда линзаның бойына барып тұрады. Бұл жағдайда оны қолмен алып тастау қиын. Егер өзіңізбен бірге ерітіндісі бар ыдысы болса, соған салып тазалап алыңыз. Егер жоқ болса, абайлап, саусағыңыздың ұшымен алып көріңіз.

Тағы бір мәселе – құрғақтық. Кейбір линзалар құрғап кетуге әуес. Бұл жағдайда егер линзаңыздың басқа кемшіліктері болмаса, ауыстыруға асықпаңыз. Жоғарыда аталып кеткен линзаға арналған тамшыны пайдаланып тұрсаңыз болады. Айтпақшы, линзаның ерітіндісі табиғи көз жасының негізінде жасалады екен. Сондықтан, көзіңіз құрғап кеткен жағдайда, есінеп, көз жасыңызды шығарсаңыз мәселе лезде шешіледі.

Дайындаған: Фариза Әбілова

Сурет: vk.com

Ф. Абилова