- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қытайлық вакцина туралы...
Қытайлық вакцина туралы не білеміз – маңызды 10 сұрақтың жауабы
Қазақстанға қытайлық "Sinopharm" корпорациясы жасаған вакцина жеткізілді. Екпенің мыңдаған дозасы өңірлерге таратылып жатыр.
1. Қытайлық вакцинаның ерекшелігі неде?
Қытайдың технологиясы бойынша шығарылған "Hayat Vax" атты екпе инактивті вакцина болып саналады. Қазақстандық QazVac та сондай. Температуралық режимдері де ұқсас. Қытайлық вакцинаны +2-ден +8 градусқа дейін сақтайды. Сосын әрбір доза бір адамға ғана егіледі. Бірақ екі компоненттің аралығы 21 күн емес. Вакцинаны араға 14 күн салып екінші рет еге береді.
2. Екпе қалай жасалған?
Инактивті вакцина жасалғанда алдымен кәдімгідей коронавирусты алады да, жасушаларға салып, биореакторларда өсіреді. Содан кейін арнайы химиялық әдіспен вирусты "өлтіріп", адъювантпен араластырады. Бұл қоспа иммунитеттің реакциясын күшейтеді. Вакцинаны адам ағзасына салғаннан кейін антиденелер қалыптасады. Вирустың өзі өлі күйінде болады. Сол себепті адам COVID-19 инфекциясына шалдықпайды. Инактивті вакциналар бұрыннан бері жасалып келеді. 1950 жылы полиомелитке қарсы екпе де осы әдіспен жасалған болатын. Қазақстандық "QazVac" та инактивті екпеге жатады Қытайлық "Sinopharm" корпорациясы өз вакцинасын Уханьдағы вирусология институтымен бірлесіп әзірледі.
3. Қытайлық вакцинаны неге шетелде сынақтан өткізді?
Қытайлық вакцинаны клиникалық сынақтан өткізудің үшінші кезеңі басталғанда осы елде науқастардың саны тым аз болды. Вирус болмағаннан кейін екпені сынақтан өткізіп, тиімділігін дәлелдеу қиынға соқты. Сол себепті оны Біріккен Араб Әмірліктері, Марокко, Перу, Бахрейн, Сербия, Аргентина, Иордания мен Пәкістанда сынақтан өткізді. Оған 60 мыңнан астам адам қатысты. Екпе өз тиімділігін көрсеткеннен кейін Қытай клиникалық зерттеудің үшінші кезеңін аяқтамай жатып оны өз елінде қолдануға кірісті. Вакцина шенеуніктер, студенттер мен жұмысшыларға салынды.
4. Қытайлық вакцинаның тиімділігі қандай?
Қытайдың "Sinopharm" компаниясы жасаған коронавирусқа қарсы вакцина сынақ кезінде 79,34 процентке тиімді екенін көрсетті.
5. Қазақстан вакцинаның қанша дозасын сатып алды?
"Самұрық-Қазына" ұлттық әл-ауқат қоры қытайлық вакцинаның бір миллион дозасын сатып алды. Әрбір дозада екі компонент бар. Бір қаптаманың бағасы – 31,1 доллар. Сонда бір миллион дозаға 31 100 000 доллар жұмсалды. Бұл қазіргі курспен, шамамен, 13 миллиард теңгені құрайды.
6. Hayat Vax алдымен Самұрық-Қазына қорының қызметкерлеріне егіледі дейді. Содан кейін ғана халық арасында таратылатыны рас па?
Самұрық-Қазына қоры ол ақпаратты жоққа шығарды. Дегенмен осы партияның төрттен бір бөлігі қорға қарасты компания қызметкерлеріне егіледі. Олардың ішінде мұнайшылар, энергетиктер, теміржолшылар және тағы басқа өндіріс қызметкерлері бар.
7. Аймақтарға қанша доза таратылады?
Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың айтуынша, өңірлерге қытайлық вакцинаның 750 мың дозасы таратылады.
8. Біріккен Араб Әмірліктері вакцинаның атауын өзгерткен бе?
Қытайлық вакцинаның өз атауы - Vero Cell Sinopharm. Біріккен Араб Әмірліктері оны өз жерінде шығарғаннан кейін "Hayat Vax" деп атады. Бұл сөз "өмір" деген мағынаны білдіреді. БАӘ қытайлық екпені өз жерінде шығарған алғашқы мемлекет болып саналады.
9. Қытайда тағы қандай вакциналар бар?
Бүгінде Қытайда үш фармацевтикалық компанияның вакциналары кеңінен танымал. Олар - Sinopharm, Sinovac пен CanSino. Дубай басшысы Мұхаммед бен Рашид Әл-Мақтум, Венгрия премьер-министрі Виктор Орбан мен Сербия президенті Александр Вучич "Sinopharm" компаниясының екпесін салдырса, Түркия президенті Режеп Тайып Ердоған Sinovac-тың өнімін таңдады. Наурыздың соңында Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың кіші қызы Әлия Назарбаева да коронавирусқа қарсы қытайлық вакцина салдырғанын мәлімдеді. Алайда нақты қай компанияның екпесі екенін көрсеткен жоқ.
10. Қазақстанға қытайлық және ресейлік вакцинадан басқа тағы қандай екпелер жеткізіледі?
Қазіргі кезде қазақстандықтар ресейлік "Спутник V", отандық QazVac және қытайлық "Hayat Vax" вакциналары арасында таңдау жасай алады. Денсаулық сақтау министрі Алексей Цойдың сөзіне қарағанда, қазіргі кезде АҚШ-тың жетекші компанияларымен келіссөздер жүргізіліп жатыр. Бірақ вакцинаны жеткізу мерзімі әлі анықталған жоқ. Америкада бірнеше компаниясы COVID-19-ға қарсы вакцина әзірледі. Олардың арасында Pfizer, Johnson & Johnson және Moderna бар. Бұған дейін Pfizer компаниясымен келіссөздердің басталғаны туралы ақпарат болған.
Т. Раушанұлы