- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қырғызстанда Қазақстан медицинасының...
Қырғызстанда Қазақстан медицинасының күндері өтті
Бішкекте 13-14 қарашада Қырғыз Республикасындағы Қазақстан медицинасының күндері өтті. Бұл іс-шара Қазақстан және Қырғызстанның медициналық ұйымдарының арасындағы серіктестік пен өзара қарым-қатынасты нығайтуға бағытталған, - деп хабарлайды А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының баспасөз қызметі.
Қазақстандық делегацияның құрамында ҚР Денсаулық сақтау министрлігінің, жетекші медициналық орталықтардың, мемлекеттік және жеке денсаулық сақтау ұйымдарының, ЖОО-лардың, фармацевтикалық өнімдерді өндірушілердің, медициналық қоғамдардың жетекші мамандары бар. Қазақстандық делегацияны ҚР Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов бастап барды.
А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығын басқарма төрағасының міндетін атқарушы Баймаханов Болатбек Бимендеұлы таныстырды. Ол жоғары деңгейдегі осы сессияда «Қазақстан Республикасындағы органдық трансплантация» тақырыбында баяндама жасады. Сондай-ақ А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығы Қырғыз Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Ұлттық хирургия орталығымен, Қырғызстан гепатологтар қауымдастығымен, Қырғыз Республикасының Ана мен баланы қорғау ұлттық орталығымен серіктестік туралы меморандумға қол қойды. Осы екі жақты серіктестік пен ынтымақтастық туралы меморандум Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы әріптестіктің дамуына, сонымен қатар медициналық ұйымдардың интеллектуалдық және инновациялық ресурстарының артуына ықпал етеді.
Н. Үсенова