- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күзде тұмаудан сақтану...
Күзде тұмаудан сақтану әдістері
Жаздың ыстық күндерінен жақсы естеліктер ғана қалды. Күз мезгілінде депрессия, тұмау және әлсіздік болмас үшін бірнеше ережені сақтаңыз.
Ауа райына сай киіну
Күзде ең жиі тарайтын ауру — ЖРА (жедел респираторлы аурулар), күнделікті тұрмыста — тұмау. Әдетте адам тоңса немесе ыстықтаса, иммунитет әлсіреп, ағзада вирустар көбейе бастайды. Күзде ауа райы тұрақсыз: таңертең күн суық, күндіз ыстық, ал кешкісін жаңбыр жауып кетуі әбден мүмкін. Киіп шыққан киіміңізбен тоңып немесе ыстықтап жүрмес үшін қабаттап киінуді ұсынамыз. Мысалы, жұқа жейде, содан соң жилет, ал оның сыртынан жеңіл күртке киіп алыңыз. Күн ыстықтай бастағанда күрткеңізді шешіп тастайсыз, ал жилет кеудеңізді көлеңкенің салқын желінен қорғайды.
Дұрыс тамақтану
Адам күзде артық салмақ қосуға бейім келеді. Сондықтан уақытында тамақтану маңызды. Аз-аздан, бірақ күніне 5-6 рет тамақтанған жөн. Ал кейінгі тамақты ұйықтауға 3 сағат қалғанда жеп алған дұрыс. Артық тамақтанып қоймас үшін бірдеңе жер алдында бір стақан су ішіп алыңыз және тамақты кішкентай тәрелкеге салып жеңіз. Дұрыс тамақтану денсаулыққа тікелей әсер беретінін ұмытпайық. Сондықтан тамақтың мөлшеріне емес, сапасына аса мән берген дұрыс. Көкөністер мен жемістерді көбірек жеу керек. Шикі көкөністер ағзаны қажетті дәрумендермен қамтып қана қоймай, оны жылдам тойдырады. Ағза дәрумендерді көп етіп жинамайды, керісінше, жылдам жұмсап тастайды. Сондықтан да көкөністер мен жемістер жыл мерзіміне қарамастан күнделікті мәзірде болуы тиіс.
Сонымен қатар күзде дастарханда міндетті түрде сүт қышқылды өнімдер — мысалы, айран, йогурт, сүзбе болуы керек. Олар ішектер микрофлорасын қалыпқа келтіріп, иммунды жүйені нығайтуға көмектесетін пайдалы бактериялар – пробиотиктерге толы.
Қазір қатаң диета ұстайтын уақыт емес. Тамақтың түрлі әрі дәмді болуы маңызды.
Физикалық жаттығу жасау
Дәрігерлердің айтуынша, денсаулығы жақсы адам күніне 10 километр жүру керек. Бұл дегеніміз, жаяу жүріс күніне шамамен 3 сағат уақытты алуы керек. Үйдің және кеңсенің ішіндегі жүріске, аялдама немесе дүкенге дейінгі жүріске және басқа да шаруалармен жүруге 2 сағаттай уақыт кетті десек, қалған 1 сағатты кешкі астан соң белсенді серуенге арнаған жөн. Қозғалыс – ағзаның жаңа мерзімге бейімделуін жеңілдететін әдіс.
Биологиялық белсенді қоспалар ішу
Қазір иммунитетті нығайтуға көмектесетін билогиялық белсенді қоспалардың түр-түрі бар. Бірақ оның атауы айтып тұрғандай оларды тек негізгі тамаққа қосымша ретінде ғана қолдану керек. Үнемі зиянды өнімдер жесеңіз, мұндай қоспа ішкеннен ағзаға ешқандай пайда болмайды. Сондықтан ең алдымен тамақтану мәзіріңізді дұрыстап алған жөн. Кез келген қоспа немесе дәрі ішудің алдында дәрігермен кеңесуді ұсынамыз. Сондай-ақ дәріханаларда түрлі пайдалы шөптер сатылады. Олардан дәмді әрі пайдалы шайлар немесе қайнатпалар дайындауға болады.
Толыққанды демалу
Күзде ағза толыққанды демалу керек. Түнде 8-10 сағат ұйықтаған жөн. Ұйықтар алдында бөлмені жақсылап желдетіп алуды ұмытпаңыз. Ұйқы сапалы болуы үшін матрас пен жастықтың ыңғайлы болуы да маңызды. Мамандар күзде жазға қарағанда 1-2 сағатқа артық ұйықтауды ұсынады.
Қорғану
Адам көп жиналатын жерге жиі бармауды ұсынамыз. Отбасылық демалысты көбірек табиғат аясында немесе саябақта өткізіңіз. Қоғамдық орындарда маска тағып, қолды сабынмен жиі жуыңыз. Кешкісін үйге келген соң мұрын мен ауызды тұзды сумен немесе шөп (мысалы, түймедақ) тұнбасымен шаю артық етпейді.