- Негізгі бет
- Денсаулық
- Күйік жарақаты кезіндегі...
Күйік жарақаты кезіндегі алғашқы көмек
Күнделікті өмірде түрлі жағдайларға байланысты тұрмыста, өндірісте, кездейсоқ апаттардың салдарынан кенеттен күйіп қалу оқиғалары жиі кездеседі. Ол оттан да, будан да, қайнап түрған судан да, әртүрлі химиялық заттардан да болуы мүмкін. Бұрын мұндай қауіп-қатерге ұшырап көрмегендіктен, оқыс күйік жарақаты кезінде көп адамдар абдырап, сасып қалады. Қандай алғашқы медициналық көмек көрсету керегін білмей уақытын өткізіп алады.
Негізінен күйік — жоғары температураның, химиялық заттардың, электр тогы мен радиактивті сәуленің зардабынан тіннің зақымдалуы. Соған сәйкес күйіктің басты төрт түрі бар. Олар: термиялық, химиялық, электрлік, сәулелік күйіктер.
Ыстық суға күйіп қалу жағдайы 1-3 жас аралығындағы балаларда жиі кездеседі. Асханада анасының көзін ала бере байқаусыз қатерге душар болып жатады.
Күйікте киім матасы теріге жабысып қалса, оны қайшымен қиып тастайды. Адам денесі химиялық заттардан күйсе, дененің күйген жерін суық сумен 15-20 минут бойы жуады. Қышқыл, сілтіге күйгенде ас содасы ертіндісіне немесе спирт, марганец қышқылды калий ертіндісіне малынған таңғышты ораған жөн. Қандай күйік түрі болса да жедел жәрдем кешіккен жағдайда зардап шегушіге ауырсынуды басатын дәрілер беруге болады.
Ал алғашқы көмек көрсетілгенде:
• денедегі көпіршіктерді жармайды;
• қалың таңғыштармен орамайды;
• мұз баспайды;
• күйікті қолмен ұстамайды.
Мұның бәрі тіндерді өлтіріп, жараның жазылуын қиындатады. Дәрігер келгенге дейінгі көмектің мақсаты күйген жерді ластанудан сақтандыру, яғни микроб түсуден қорғау, ауырсынуды бәсеңдету. Осы жағдайда дұрыс көрсетілмеген алғашқы медициналық көмек күйікті тереңдетіп жібереді. Халық арасында жиі көрсетілетін алғашқы көмек — күйген жерге тіс пастасын жағу, томат пастасын, сол сияқты әр түрлі майларды жағу. Бірақ оны мамандар құптамайды. Олар асқынуға әкеліп соғады.
Дереккөз: anabol.kz
Н. Үсенова