- Негізгі бет
- Денсаулық
- Құлаққаптың адам денсаулығына...
Құлаққаптың адам денсаулығына зияны
Бүгінде құлаққапты үлкен де, кіші де киеді. Бұл әрине музыка тыңдағанда, шетел тілін үйренгенде өте ыңғайлы. Алайда оның қауіпті әрі зиянды жағы барын да ұмытпаған жөн.
Қауіпті жағы көшеде не машина рөлінде келе жатып, естімей қалып жол-көлік апатына ұшырауыңыз немесе біреуді қағып кетуіңіз мүмкін. Себебі осындай жайтты БАҚ жаңалықтарынан күнделікті естіп-біліп жатамыз. Мамандар осындай дабыл қағып отыр.
Зиянды жағы құлаққапты жүйелі түрде кию – құлақтың есту қабілетін төмендетеді, қан қысымын көтереді, бас ауруына шалдықтырады. Құлаққапты ұзақ уақыт киген адам байқампаздық қабілетінен айырылады, ашушаң, күйгелек жанға айналады.
Кейінгі заманауи техникалық құралдарда құлаққапты кигенде қатты музыка құлаққа зиян екенін ескерту пайда болады.
Кейбір құлаққаптарды, мысалы «тамшы» деп аталатын түрін электр техникаларының отаны – Жапонияда шығаруға тыйым салынған. Мұндай құлаққап, құлақтың ішкі органдарына кері әсерін тигізіп, орталық жүйке жүйесін зақымдайды.
Сондықтан құлақты тұтас жауып тұратын түрін алуға кеңес береміз. Әрине сөмкеге салып жүргенге ыңғайсыздау, алайда денсаулық бәрінен де қымбат.
Жалпы музыканы белгілі бір уақытта ғана тыңдаған дұрыс. Үнемі құлақты жауып алу – ырымға жаман, бұл ешкімді «тыңдағым, естігім келмейді» дегенді, яғни саңырау болғанды қалауды білдіреді. Психологиялық тілмен айтқанда – оқшаулану, қоғамнан алыстау. Мұндай адамда жасырын депрессия болуы ықтимал. Сондықтан ойланыңыз, неліктен қоғамнан оқшауланғыңыз келеді? Кімнен жасырынып жүрсіз? Қоғаммен қарым-қатынаста болу сізді қандай ыңғайсыз жағдайға түсіреді деп ойлайсыз?
Құлағыңызды жауып жүріп, жақсылықтан да құр қалуыңыз ықтимал. Өмірдегі жағымды-жағымсыз жайттарды көріп, жақсылығына қуанып, жамандығына күйініп жүріп, шынығамыз, өмір сүруді үйренеміз.
Автор: Фариза Әбілова
Сурет: luxfon.com
Оқи отырыңыз:
Көздің зақымдануынан қалай қорғану керек?
Ф. Абилова