- Негізгі бет
- Денсаулық
- Коронавирустан кейінгі синдромнан...
Коронавирустан кейінгі синдромнан арылудың жолдары
Коронавируспен ауырғандардың көбі ұзақ уақыт бойы өзін әлсіз сезініп, тез шаршап, ұдайы жөтелетінін, оған қоса есте сақтау қабілетінің нашарлағанын байқайды. Мұны дәрігерлер Covid-19-дан кейінгі синдром деп айтады. Одан арылудың жолын медицина ғылымының профессоры Алмаз Шарман айтып берді.
Covid-19 ауыр түрінен емделгендерге ауруын асқындырып алмау үшін қалыпты өмірге оралуға асықпау қажет. Бастапқыда белгілі бір уақыт жаяу жүріп, таза ауамен демалуға кеңес беріледі. Өйткені коронавируспен ауырған науқастардың көбі жазылған соң эмоционалды тұрғыдан әлсіз болады. Артық ойлар мазалап, ұйқы бұзылады.
Артық ойдан арылу үшін жағымсыз жаңалықтарды көруді азайту қажет. Әлеуметтік желі, теледидар, интернет секілді ақпараттың негізгі көздерінен аулақ болған жөн. Оның орнына жақындарыңызбен сөйлесіп, пайдалы кітап оқып, қызық фильм көруді ұсынар едім.
Күш-қуатыңызды қайта қалпына келтіру үшін ақуызға бай тамақ ішіп, көбірек таза су ішкен жөн. Оған қоса, рационыңызға құс және балық етін қосқан да пайдалы. Сүт өнімдері де күш-қуаттың жылдам қалпына келуіне ықпал етеді. Сондай-ақ, сүт өнімдері иммун жүйесін күшейтетін ішек микрофлорасына жақсы әсер етеді.
Коронавирус қатты зақымдайтын өкпеге жүзім мен жидектер аса пайдалы. Джонс Хопкинс атындағы университеттің ғалымдары 10 жыл бойы 463 адамның өкпесін бақылаған. Олар тәжірибе барысында не ішіп-жейтінін айтып отырған. Нәтижесінде жидектер мен жүзімді көп жеген адамдардың өкпесі әлдеқайда сау болып шыққан. Бұл жеміс-жидектердің құрамында қабынудың алдын алуға көмектесетін антиоксиданттар бар.
Сол үшін де көбірек жүзім мен жидектер жеуге тырысыңыз. Оның жас, құрғақ не тоңазытылған болғаны маңызды емес. Ал таңқурай, құлпынай, қаражидек пен қара бүлдірген тек өкпеге ғана емес, жүрек жұмысына да пайдалы.
А. Рысдәулет