Күн сайын артық салмақпен күресіп жүрген арулар көмірсу атаулысының қаупімен жақсы таныс. Арықтау кезінде көмірсуға "жоқ" деп, оны рационыңыздан мүлдем алып тастаған қаншалықты дұрыс?

Көмірсулар жеміс-жидектерде, көкөністерде, нан мен бұршақта, басқа да күнделікті рационымыздағы тағамдарда міндетті түрде болады. Сол себепті ол артық салмақ қосады екен деп, көмірсулардан мүлдем бас тартқан дұрыс емес. Көмірсулар ағзаның дұрыс жұмысы үшін өте қажет, алайда арықтауға да бөгет болатындығы рас. Осы жерде "алтын ортаны" тауып, денсаулыққа да зақым тигізбей, артық салмақтан да сақтанудың жолын іздейік.

Біріншіден, көмірсу не үшін қажет? Көмірсу денемізді 60%-ға энергиямен қамтамасыз ететін күш-қуаттың бірден-бір қайнар көзі. Бауырмен синтезделетін глюкоза көмірсуының 70%-ы ми жұмысы үшін қажет. Ағзамыздың РНҚ және ДНҚ гендері де көмірсулардан тұрады. Күрделі көмірсулар клетчатка ретінде ас қорыту жүйесіне өте қажет, сонымен қатар қатерлі аурулардың алдын алады. Әрқайсымызға бір күнге 300-400 грамм таза көмірсу қажет. 

Арықтаймын де ниеттеніп, диетаға отырған арулар бірінші кезекте осы көмірсулардан бас тартады. Көптеген танымал диеталар көмірсулар мөлшерін шектейді, ал басқалары тіпті оларға рұқсат бермейді. Мәселе мынада екен: көмірсулар жоқ болған кезде, ағза глюкозаны аминқышқылдардан синтездей бастайды. Ал мұның ең оңай жолы –аминқышқылдарды бұлшық еттен алу. Демек майдың орнына денеңіздің бұлшық еттері азады. Бұлшық еттің 70%-ы судан тұрады, сол себепті мұндай диета әсерінен ағзаңыздан тек қажетті су ғана шығады. Міне, көмірсулық диеталардың бар сыры осында жатыр. Көмірсудың тапшылығы бас ауруының, шаршағандықтың себебі болмақ.


Көмірсулардың артық салмаққа әсері қандай? Көмірсулардың "жақсы" не "жаман" түрлері болмайды, олар қарапайым және күрделі деп бөлінеді. Дәл осы қарапайым көмірсулар мен оларды тамаққа қате қосу салмақ қосудың себебі болады. Мысалға пісіру пешінде әзірленген картоптың 100 грамында 88 ккал, ал қуырылған картоптың 100 грамында 300 ккал болады. Нан да көмірсулардың қайнар көзі саналады, алайда тек жоғарғы сұрыпты ұннан пісірілген ақ нан түрлері артық салмаққа өз септігін тигізе алады. Барынша өңделмеген дәнді дақылдардан пісірілген қара нандар диета үшін таптырмас шешім.

Әрине тәтті торттар, кәмпиттер, қант құрамындағы көмірсулар пайдалы емес. Олар тез уақытта қуат бере алса да, қарынды ұзақ уақытқа тойдырмайды. Сондықтан түрлі шоколад, кәмпиттер, тәтті тоқаш тіскебасарларынан бас тартқан жөн.

Дайындаған: Сания Аринова

Сурет: runner.lifehacker.ru