- Негізгі бет
- Денсаулық
- Компьютер мен телефонға...
Компьютер мен телефонға қараған адамның көзі нашарлай ма?
Әу баста адамзатқа пайда әкеледі деп жасалған компьютер мен телефон қазір керісінше зиянды нәрсеге айналды. Телефон мен компьютерге шүйілген адам уақытын құр сарпып, әлеуметтік желі мен ғаламторға тәуелді боп барады. Мұның кері әсері көп екені кейінгі кезде көп айтылып жүр.
Сондай мәселенің бірі – көздің нашарлауы. Психология мен офтальмологияда компьютерлік көру синдромы аталып кеткен бұл дерт экран мен дисплейге ұзақ уақыт қараудан, оның алдында тапжылмай отырудан пайда болады. Гарвард университеті жанындағы Массачусетск ауруханасының офтальмологы Мэтью Гардинердің айтуынша, адамның көзі экранға жақын отырғаннан нашарлайды. Әдетте, қол созым жерден алысырақ отырған абзал.
Телефон мен компьютердің экран жарығы көзге зиян. Біріншіден, экранға жақын әрі ұзақ қарап отырған адамның көзі құрғап қалады. Содан көз құрғап, қызарып жайсыз күйге түседі. Шынайнаның қорғаныс қабатын бұзады. Көз құрғаған сайын бұлдырап, алыстағы зат пен нысанға жетпей қиналады.
Екіншіден, экранға ұзақ қарап отырған адамның көзі күшеніп, зорығып кетеді. Гардинердің айтуынша, көзге күш түсіретін – ол экранның жарығы мен контраст түсі.
"Жарық сәуле көзге шағылысып, жайсыздық әкеледі. Содан көз фокус ұстай алмай, одан әрі қысымға ұшырайды. Бас ауруы да содан тууы мүмкін. Көздің фокусын жөндеу үшін көзәйнек кию қажет", - дейді ол.
Дәрігердің айтуынша, көзге күш түсірмес үшін, 15-30 минут сайын көзді экраннан алып, жаттығу жасау қажет. Компьютердің мониторының дұрыс орналасқаны да маңызды: білек үстелдің үстінде, арқа тік және монитор көздің көру линиясынан шамалы төмен тұрғаны жөн.
Жалпы, телефон мен компьютерді аз қолданған дұрыс. Ол үшін физикалық жаттығу жасап, серуендеуге мән берген абзал. Көзге экраннан көп күш түссе, адам ұйықтай алмайтын халге жетеді. Ал ондай күйге душар болмас үшін дене қимылына, көз жаттығуына мән берген жөн.
Қ. Слямбек