Қол-аяқ жиі ұйыса қауіпті ме?

Кейде аяқ-қолдың қайта-қайта ұйып қала беретін әдеті бар. Шамалы дұрыс отырмай қалсаңыз болғаны – ұйып қалғанын сезесіз. Әсіресе карантин кезінде үйде отырған, қимылсыз адамдардан көп байқалатын көрінеді. Ендеше бұл құбылыс қаншалық қауіпті әрі зиян?

Massaget.kz тілшісі бұл сауалдың жауабын А.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының кардиолог дәрігері Рашида Халимназаровадан сұрап көрді.

Дәрігердің айтуынша, дененің ұюының екі түрі бар.

Біріншісі – қарапайым ұю. Яғни әдетте болатын жағдай. Қол, аяқ, мойын мен саусақ, т.б. дене бөліктері ұйып қалады. Бұл – қалыпты жағдай. Өйткені адам ыңғайсыз күйде ұзақ отырып қалса, буын қысылып қалады да, қан айналымы дұрыс жүрмейді. Сондықтан аяқ-қолды бүгіп не бүктеп, қисайтып отырудан барынша аулақ болу керек, - дейді Рашида Халимназарова.

Аяқ-қол ұюдың екінші түрі – неврологиялық ұю. Яғни, омыртқа мен бел, тірек-қозғалыс аппаратының бұзылуынан болатын құбылыс. Мұндай жағдайда маманның көмегі керек.

"Аяқ-қол жиі ұйымасын десеңіз, көбірек қозғалып, қанды айналымға келтіріңіз. Артық салмақ, шылым шегу мен фаст-фуд жеу, ішімдік ішу – мұның бәрі жүректің созылмалы ауруларына әкеледі. Спортқа көбірек мән беріңіз. Әсіресе жаяу жүру мен жүгірудің пайдасы көп. Спортты таңдағанда, жүрекке салмақ түсірмейтін, физикалық жүктемесі қалыпты қимыл-қозғалыс түрін таңдау керек", - деп кеңес берді кардиолог.

Оқи отырыңыз: Қанда холестерин көбейіп кетсе не істеу керек?