- Негізгі бет
- Денсаулық
- Көктайғақта құламау үшін......
Көктайғақта құламау үшін...
Қыстың аяқталар үшінші айы болса да, көктемнің ауылы әлі алыс. Аяздың аяғы көктайғаққа ұласып жатыр. Ал адамға келетін қауіптің бірі – көктайғақ екені белгілі. Оқыстан тайып құлап, мертігіп қалатындар бар. Алайда көктайғаққа тайып құлағанда адам денесін тез игере алатын болса, жарақат алудан сақтанар еді. Сондықтан назарларыңызға көктайғақта құламаудың бірнеше әдіс-тәсілдерін ұсынамыз.
• Келе жатқан жолыңыз тайғақ болатын болса, қысқа әрі жиі қадам басып жүріңіз. Тайып құламау үшін тізені аздап бүгіп жүруге болады. Сонымен қатар екі қол еркін қимылдауы керек. Оны қалтаға салып жүруге болмайды. Себебі қол аяқ тайған жағдайда тепе-теңдікті сақтаушы күш.
• Көктайғақ кезінде аяқ киімге де аса мән берген жөн. Өкшесі бар аяқ киім кимегеніңіз абзал. Мұндай күндері табаны біртегіс аяқ киім қолайлы. Егер де аяқ киіміңіз тым тайғақ болса, оған поролон, пластырь, изолента жапсырып алуға болады немесе астын құммен ысқылаңыз. Есіңізде болсын, былғары мен пластик табан сырғанақ келеді.
• Құлаған жағдайда бір бүйірге жантая құлауға тырысыңыз. Бұл әдіс қолға тиер соққы күшін азайтады. Мұндай кезде білек артқа қарай сілтенбеуі тиіс, әйтпесе білек сүйегі сынып кетуі мүмкін. Кейде құлаған адамның алақан сүйектері шытынап немесе сынып кетуі мүмкін. Ал мұндай сынықты салу өте қиын және оның жазылуы да көп уақытты алады. Сонымен қатар көктайғақ кезінде арқамен, шалқасынан құлау өте қауіпті. Бұл мидың шайқалуына, бастың ауыр жарақат алуына әкелуі мүмкін.
• Тағы бір күрделі сынық – жамбас сүйегінің сынуы. Ол негізінен сүйегі омырылғыш (жасы үлкен) адамдарда жиі кездеседі. Мұндай жарақат адам оқыстан тайып, шалқасынан құлағанда орын алады. Сондықтан мұндай кезде де бір бүйірге жантая құлауға тырысу қажет. Тайғақ кезде егде жастағы кісілер сыртқа шығуды шектегені дұрыс. Себебі жарақат алу қаупі жоғары немесе басында резеңкесі бар таяқпен жүруі қажет. Сонымен қатар айналасындағы адамдардың көмегіне жүгінген жөн.
• Мұзды күні жүріп келе жатқан көлікке жақындамаңыз. Бұл өте маңызды. Аялдама, баспалдақ, табалдырық адамдардың ең көп құлайтын жері екенін естен шығармаңыз. Баспалдақпен жүргенде сүйенішті міндетті түрде қолданыңыз. Құм немесе тұз төселген жермен жүріңіз.
• Көктайғақта құлап, жарақаттанып қалған жағдайда, көгерген, іскен, ушыққан тұстарға (әсіресе тізе, шынтаққа) міндетті түрде 15-20 секундтан аспайтын уақытқа мұздай зат басу керек. Бұл мақсатқа тіпті мұздатқыштағы етті немесе салқын суға шыланған шүберекті де басуға болады. Егер да адам жерге қарақұсымен құлаған жағдайда, онда мұздай нәрсе басу керісінше қосымша қатер төндіруі мүмкін. Мұндай жағдайда тез арада жедел жәрдем шақыру қажет немесе травмотологиялық бөлімге көрінген дұрыс.
• Жалпы, сүйектер соққыға төзімді болуы үшін құрамында кальций, фосфоры мол азық-түлік тұтынған дұрыс. Мәселен, кепкен балықты сүйегімен қоса жеп тұрса болады. Теңіз тағамдарының құрамында да сүйекке қажетті кальций көп, ал тоңазыма асында (холодец) буындардың созылғыштығын арттыратын заттар бар. Ал жарақаттанған сүйектердің немесе буындардың тез қалпына келуі үшін авокадо жемісі, күнбағыс, асқабақ, күнжіт дәндері пайдалы. Сүйектер мен буындарды қатайтып, күшейту үшін дәруменді-минералды комплекстер мен мумиені пайдалануға болады.
Н. Үсенова