Кеңсе қызметкерлері жиі шалдығатын 4 ауру

Кеңсе қызметкерлері жиі шалдығатын 4 ауру
Фото: unsplash.com

Кеңсе жұмысының улы заттарға немесе ауыр физикалық жүктемеге еш қатысы болмағандықтан, ол ең қауіпсіз жұмыс түрі секілді көрінеді. Алайда компьютер алдында ұзақ уақыт бір күйде отыру түрлі аурулардың пайда болуына ықпал етуі мүмкін. Ендеше, кеңсе қызметкерлерін қандай аурулар жиі мазалайды және қалай олардың алдын алу керек?

«Құрғақ көз» синдромы

Бұл ауруға көбіне үнемі компьютермен жұмыс істейтін және көп құжат қарайтын адамдар шалдығады. «Құрғақ көз» синдромының пайда болуына кабинет ішіндегі ауаның жеткілікті ылғал болмауы және көзді жыпылықтатуды ұмыту әсер етеді. Егер көзіңізге құм түсіп кеткендей сезінсеңіз және үнемі шаршап жүрсеңіз, офтальмологқа қаралып, көзге арналған арнайы гимнастика жасауға кірісіңіз. Монитордан әр 10 минут сайын алаңдау керегін ұмытпаңыз: алысқа, жан-жағыңызға, жоғары-төмен қараңыз және көзіңізді жыпылықтатыңыз.

Белгілері:
«Құрғақ көз» синдромы кезінде көздің ішінде басқа бірдеңе бар секілді болу, жоғары сезімталдық, көз ішінің қышуы, жарыққа қарай алмау және бұлдырау орын алуы мүмкін.

Несімен қауіпті?
Бұл синдром кезінде көзді ұстай және қаси бергендіктен, оны механикалық зақымдау мүмкіндігі артады. Көздің мүйізгек қабығы үнемі кеуіп кете берсе, көздің ішінде көруге негативті әсер ететін жаралар пайда болуы мүмкін. Сондай-ақ көз жасы жеткілікті өндірілмесе, көздің өзін-өзі тазарту процесі нашарлайды. Нәтижесінде зиянды микроағзалардың көбеюіне арналған жағымды орта түзіледі.

Алдын алу
Бұл ауру пайда болмас үшін компьютер алдында жұмыс істеп отқанда көзді жиі жыпылықтатуды әдетке айналдыру керек. Сонымен қатар бөлме ішіндегі ауа ылғалдылығын бақылап, көз гигиенасын сақтау қажет. Компьютердегі жұмыс көз деңгейінде орындалуы үшін мониторды реттеуді ұмытпаңыз.

Арқаның ауыруы

Күні бойы отыру бір қарағанда ғана керемет секілді көрінеді. Ал негізінде қозғалыстың болмауы арқамен байланысты проблемаларға әкеледі. Оның үстіне бүкірейіп отыру және монитордағыны көру үшін мойынды алға қарай созу бұл мәселені ушықтырып жібереді.

Белгілері:
Аз қозғалысты жұмыстың салдарларына жүйке ұштарының қысылып қалуы мен омыртқааралық дисктердің өзгерісі жатады. Ал бұлар өз кезегінде аяқ-қолдардың, мойынның және арқаның ауыруына әкеледі.

Несімен қауіпті?
Егер адам күннен күнге компьютер алдында дұрыс отырмаса және бір басталып, бір кетіп қалатын жағымсыз сезімдерді елемесе, буындар мен бұлшықеттер қысылып қалады. Сондықтан үздіксіз бас пен бұлшықеттер ауырады.

Алдын алу
Таңғы жаттығуды қалдырмаңыз: 15-минуттық физикалық жүктеме жасау арқа поблемасының алдын алады. Жиі қысқа үзілістер жасаңыз. Әр бір сағат сайын орныңыздан тұрып аздап жаттығу жасаңыз: кабинет ішімен жүріңіз, созылыңыз немесе отырып-тұрыңыз.

Тамырлардың түйнеліп кеңеюі

Жұмыс барысында көп жүретін қызметкерлердің біразында варикоз бар деп саналады. Бірақ компьютер алдында ұзақ отыратын адамдар да бұл қауіпті топқа кіреді. Көп жүретін қызметкерлерде варикоз аяққа жүк түскеннен пайда болса, отырып жұмыс жасау кезінде, әсіресе, бір аяқты екіншісінің үстіне қойып отырудан, тамырлар қысылып қалғаннан қиналады. Бұл жағдайда аяқтың төменгі жақтарына қан жиналып қалады да, ол тамырлардың түйнеліп кеңеюіне әкеледі.

Белгілері:
Варикоздың бастапқы белгілеріне балдырлардағы ауыртпалық, жүру кезінде тез шаршау және аяқтың жиі ұйып қалуы жатады.

Несімен қауіпті?
Адам бұл аурудың белгілерін елемей жүре берсе, аяқ терісінде көгілдір тамырлар көріне бастайды. Уақыт өте бұл жерлер қатты ауырады. Бұл ауру күшейіп кетсе, тамырлардың жарылуы да әбден мүмкін: бұл кезде оны хирургиялық араласусыз емдей алмайды.

Алдын алу
Бұл аурудың пайда болуына ықпал етіп тұрған жұмысты ауыстыру мүмкін болмаса, жұмыс арасында гимнастика жасаңыз, ыңғайлы аяқ киім киіңіз, контрастты душ қабылдаңыз және С, Е, РР дәрумендерін қабылдаңыз.

Жүрек-қан тамырлар жүйесі аурулары

Компьютер мониторынан көз алып, бір секунд уақыт бөліп, жұмыс үстелінде қалай отқаныңызға мән беріңіз. Иықтарыңыз көтеріңкі тұр ма? Басыңыз алға қарай бағытталған ба? Мойныңыз бен желке бұлшықеттерін ширыққан күйде ұстап отырсыз ба? Егер осы үш сұраққа да «иә» деп жауап берсеңіз, онда есіңізде сақтаңыз: мұндай дене қалпы омыртқа артериясы жүйесінде қанның тоқтап қалуына және ми қанайналымының бұзылуына әкеледі.

Белгілері:
Егер аз қозғалысты өмір салтынан жүрек қиналса, кеуде тұсы қысып ауырады, тыныштық немесе физикалық жүктеме кезінде ентігу пайда болады. Қантамырлармен проблема болса, бас айналады, аяқ-қолдардың әлсіздігі және есте сақтау қабілетінің нашарлауы орын алады.

Несімен қауіпті?
Бұл бас ауруы, есте сақтау мен зейін қоюдың төмендеуі, тез шаршау, кардиалгия, желбезекаралық жүйкелердің ұзақ уақыт қысылып тұруының себебінен жүрек ырғағының бұзылу және т.б салдарларға әкелуі мүмкін.

Алдын алу
Ең басты ұсыныс — үнемі бұлықшықеттің ширығуын және денеңіздің күйін бақылап отыру. Телефонға немесе компьютерге ескерту орнатып қойыңыз, содан соң әр 20-30 минут сайын қалай отырғаныңызды тексеру үшін аз уақытқа жұмыстан алаңдаңыз: арқа бұлшықеттері ширығып тұр, иығыңыз қатты көтеріліп тұр немесе қолыңыз ауырып қалды. Дәрігерлер осындай қысқа үзілістер кезінде саусақтарды ашып-жауып, қолдың бас жағын айналдырып, иықтарыңызды бірнеше рет көтеріп-түсіруді ұсынады.

А. Жапатова