Қазақ халқы тері ауруын қалай емдеген?

Қазақ халқы тері ауруын қалай емдеген?
Фото: medaboutme.ru

Тері ауруы – адамның сыртқы тері қабатының қабынуынан болатын ауру. Жұқпалы және жұқпайтын болып екіге бөлінеді. Қотыр, таз, теміреткі, сүйел, сыздауыз, қайызғақ, шиқан, есеңгі деген аурулардың бәрі осы тері ауруына жатады.

Бұрынғы қазақтар тері ауруларын емдеу үшін улы шөптен жақпа май дайындап, оған сынап пен күкірт араластырып денеге жаққан. Мәселен, кәдімгі бүлдіргіннен дәрі жасаудың халықтық технологиясы болған. Алдымен терең ұра қазып, оған от жағып, қыздырған күлінен тазартқан соң, қара бүлдіргеннің сабақтарын салып тастайды. Үстін топырақпен көміп, киізбен жауып қояды. Екі жетідей уақыт өткенде әлгі емдік бұтаның сабақтарын алып ұсатып, ұнтақтап суға салып қоюланғанша қайнатады. Осындай тәсілмен алынған қайнатпаны (дәріні) аурудан зақымдалған теріге жаққан.

А.Ягминнің мәліметіне қарағанда, қазақтар ертеден-ақ тері ауруын емдеуде тұзға, арасан суларына, олардың батпағына түсуді тиімді тәсілге санаған. Әсіресе көл табанында шөгіп қалған күкірт иісі бар батпақты асқынған қотырға тартқан.

Ондай шипалы жерлерге қазақтар Әулиекөл, Қотырбұлақ деген ат берген. Алғашында сүтпісірім уақыттан басталған мұндай ем биесауым уақытқа дейін жалғасқан (15 минөттен 1 сағатқа дейін). Бір аптада емнің әсері байқалған. Тері ауруының адамда және малда өршитін түрлерінің себептері мен салдары ұқсас деп қарастырған халық емшілері оларды ортақ тәсілдермен емдей береді. Мысалы, адамдағы таз, темiреткi, малдағы бұзаутаз, қысаға, терi жегiсi сияқты ауруларға қарсы тобылғы бұтағын өртегенде пайда болған майды ыстықтай жаққан.

Қ. Слямбек