- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қауіпті диареяның 6...
Қауіпті диареяның 6 белгісі
Кей адамдар диареямен дәрігерге көрінуге ұялады. Диарея не үшін пайда болады және қандай жағдайда міндетті түрде дәрігерге қаралу керек? Бұл сұрақтарға Doctorpiter-ге гастроэнтеролог Мария Лопатина жауап берді.
Егер адамда үш немесе одан да көп рет сұйық нәжіс болса, дәрігер оған диарея диагнозын қояды.
Не үшін пайда болуы мүмкін?
- Жұқпалы ауру. Бұл әдетте бұзылған тамақтан немесе ластанған судан болады. Жұқпаның белгілері 12 сағаттан 4 күнге дейінгі уақыт аралығында пайда болып, 3-7 күнде кетеді;
- Тітіркенген ішек синдромы;
- Ішек қабыну аурулары;
- Тағамдық аллергия;
- Целиакия;
- Лактаза жетіспеушілігі;
- Созылмалы панкреатит;
- Антибиотикпен байланысты диарея;
- Кей дәрілердің қосымша әсері;
- Басқа да аурулар (бірінші типті қант диабеті, алкогольді энтеропатия, ішек туберкулезі және т.б).
"Егер ауру жеңіл өтіп жатса, сұйық нәжіс күніне бірнеше рет болады, бірақ жалпы хал-жағдай қалыпты болуы керек. Ауыр жағдайда нәжіс жиілігі күніне 20-ға дейін баруы мүмкін. Бұл жағдайда су мен тұз мөлшерінің көп бөлігі жоғалады, ал ол сусыздану шақыруы мүмкін. Диарея қызу көтерілумен, іш ауруымен немесе түйілумен қатар жүруі мүмкін", - деп түсіндірді дәрігер.
Сізге жедел дәрігер көмегі керек екенін қалай білуге болады?
Барлық жағдайда бірдей үйде жату керек емес. Кейде диарея - қауіпті.
Мына белгілер байқалса, міндетті түрде дәрігерге көріну керек:
- Сізді күніне 6 немесе одан көп рет мазалайтын сұйық нәжіс;
- Іштің қатты ауыруы;
- Жоғары температура;
- Қан аралас нәжіс;
- Сусыздану (әлсіздік, ауыздың құрғауы, шөлдеу, бұлшықеттер ауыруы, зәрдің қою түске боялуы, сирек зәр шығару, сананың адасуы);
- Ауыр созылмалы аурулар.
Диарея кезінде өзіңізге қалай көмектесе аласыз?
- Суды көбірек ішіңіз. Пероральді регидратацияға арналған ерітінділер ішуге болады.
- Нақты өнімдерді жеңіз. Егер тәбетіңіз болмаса, тек су іше беріңіз. Ал қарныңыз ашса, картоп, макарон, күріш, сұлы, сорпа, банан жеңіз. Алайда қуырылған болмауы керек, тек суға пісіріп жеңіз.
- Дәрі ішіңіз. Диареяға қарсы дәрі-дәрмек ішуге болады.
"Көп жағдайда диареяға антибиотик ішу қажет емес, оларды дұрыс қолданбаса, ол асқынулар беруі мүмкін. Сондықтан оны тек дәрігер жазып бере алады", - деп ескертті Мария Лопатина.
Сорбенттер диареяны емдеуде кең қолданылады. Алайда ол бәріне бірдей көмектеспеуі мүмкін.
Ескерту: егер диарея 48 сағаттан кейін де кетпесе, дәрігерге қаралу керек.
А. Жапатова