- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қатерсіз ісіктер...
Қатерсіз ісіктер
Ісік – әр түрлі ағзада өздігінен пайда болатын, тоқтаусыз, бақылаусыз өсумен сипатталатын, құрылымы мен қасиетінде негізгі жасушадан үлкен айырмашылығы бар дерттік өзгеріске ұшыраған жасуша жиынтығы.
Қазіргі таңда жер бетіндегі әрбір бесінші адамда ісіктің әйтеуір бір түрі болады деген статистика бар. Тіпті ісік жануарда да, өсімдікте де кездеседі. Бүгінде дәрігерлер науқас қандай да бір ауруға душар бола қалса, ең алдымен онкологиялық тексерулерден өтіп келуді тапсырады. Сондықтан денеміздің кез келген жерінде бұртиып пайда бола қалған түйінді көргенде бей-жай қарамауымыз керек. Ол үшін әрбір адамда ісік туралы жалпы мағлұмат болғаны жөн.
Медицинаның онкология саласы барлық ісікті құрылысына, клиникалық көрінісіне қарап қатерлі, қатерсіз ісіктер деп екіге бөледі. Олардың бір-бірінен ең негізгі айырмашылығы, қатерсіз ісіктер еш уақытта жанындағы сау ұлпаларға, тіндерге, яғни мүшелерге тарамайды, зақымдамайды. Ал қауіпті ісіктер міндетті түрде сау ағзаларды зақымдап, өмірге қауіп туғызады.
Қатерсіз ісікті микроскоппен қарағанда, олардың жасушалары біркелкі, сырт пішіні, көлемі жағынан аналық жасушаға (клетка) өте ұқсас келеді. Ал қатерлі ісікте жасуша көлемі, боялу қасиетт, тіпті ядро мен цитоплазманың арақатынасы, хромосом саны, сапасы мүлдем өзгеріп кетеді. Қатерсіз ісіктің кейбір түрі мүлдем қатерлі ісікке ауыспайды. Мәселен, липома, миома. Ал кейбіреулері соның ішіндегі тоқ ішектегі түймешіктер (полиптері) міндетті түрде қатерлі ісікке айналады. Сондықтан барлық қатерсіз ісікті нақты, нақты емес деп те қарауға болады.
Қатерсіз ісікт әдетте ұзақ уақыт өседі және ағзаны аса қатты өзгерістерге ұшыратпайды. Қатерсіз ісік айналасындағы тінге бойламай, оларды ығыстыра өседі, олардың құрылысы өзі дамыған ағзаның құрылысына сәйкес болады, яғни гомологиялық ісіктер қатарына жатады. Хирургиялық жолмен алып тастағанда сирек жағдайда болмаса, қайта өспейді. Қатерсіз ісіктер өте үлкейіп кеткенде ғана жанындағы ағзаларды басып механикалық тұрғыдан олардың қызметін бұзады. Ісік пайда болу үшін бір ғана жасуша жеткілікті. Оның қарқынды көбеюі нәтижесінде ісік дамиды және өзіне қажетті заттарды сорып алады. Ісік жасушалары қалыпты жүйкелік-эндокриндік және гормондық реттеу жолдарына бағынбай, өз беттерінше ырықсыз өседі. Мұны медицина мамандары «ісік өсуінің дербестігі» деп атайды.
«Ісік неден пайда болады?» деген сұраққа әлі күнге нақты жауап табылмаған. Анығы – олардың пайда болу себептері өте көп екендігі. «Өспе» деген атаумен де айтылатын ісік қабыну, жарақаттану кезінде пайда болған қан, сұйықтықтың жиналуы да себеп болады. Сонымен қатар олардың көпшілігі адамның саламатты өмір салтын ұстамауынан келіп туындайды. Ісік өсуіне алып келетін зиянды әдеттерге:
— Темекі шегу, насыбай ату;
— Ішімдікке салыну;
— Дұрыс тамақтанбау (тым майлы тамақ ішу, ысталған тағамдарды артық пайдалану);
— Қоршаған ортаның ластануы;
— Жүйкенің жұқаруы.
Қатерсіз ісіктер көбіне арнайы даму ағзасы жоқ, дененің кез келген жеріне шыға беретін"эпителий ісіктері" деп аталады. Қатерсіз ісік шыққан ағзаның медициналық атауына «ома» деген жалғау қосылып айтылады. Мәселен, фиброма, миома, остеома, аденома, меланома, неврома, ангиома, папиллома, хондросаркома т.б. Дәрігерлік тексеруден соң қойылған нақтамаға (диагнозға) ісіктің атауы «ома» деген қосымшамен аяқталса, қорқынышыңызды сейілте беруіңізге болады. Дегенмен жоғарыда атап өткендей, кейбір қатерсіз ісіктердің қатерліге ауысатынын есте ұстап, барлық сараптаманы аяғына дейін жүргізіп, кешенді ем алу керек.
Ісік өсуінен сақтану және оны емдеу жолдары
Әр адамның денсаулығы ең алдымен өзіне байланысты. Деннің саулығы – адамның ең үлкен баға жетпес байлығы. Осы қазынадан айырылып қалмаудың жалғыз жолы – саламатты өмір салтын сақтау. Яғни ісіктің кез келген түрінен сақтану саламаттықтан бастау алады. Бұдан кейін дәрігерге тексеріліп, профилактикалық ем-дом қабылдау. Сонымен қатар қоршаған ортаның, тұрғылықты жердің экологиялық жағдайына да үлкен мән беру қажет.
Қатерсіз ісікті емдеу тәсілдеріне хирургиялық емдеу – ісікті дер кезінде «отап» тастау мен ағзаның қорғаныс күштерін (иммунитет) көтермелеу жатады. Иммундық жүйені қалпына келтіретін дәрі-дәрмектер, зат алмасудың бұзылыстарын ретке келтіретін дәрумендерді, т.с.с. заттарды қабылдау қажет.
Н. Үсенова