- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қант тұтынудың күндік...
Қант тұтынудың күндік нормасы қанша?
Қантты көп жеудің адамға зиян екенін бәріміз білеміз. Көп жемеуге тырысатынымыз да содан. Бірақ оның күндік нормасы қандай екенін білмеуіміз мүмкін. Ендеше деректерге сүйеніп, қанттың күндік нормасын анықтап көрейік.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметінше, ересек адамның қантты тұтынудың күндік нормасы – 50 грамнан аспауы тиіс. Яғни, шайға қосып жейтін қанттан бастап, ішкен сусын, жеген азық-түліктің құрамындағы қант тектес өнімнің бәрі осы нормаға шақталуы керек.
Қиындық, міне осы жерде. Өйткені күнделікті жеп жүрген нанымыз бен дүкеннен сатып алып жүрген жартылай фабрикат, ішкен сусын, сүт пен басқа да өнімдердің (оның ішінде тәтті-пәтті де бар) құрамында қанша қант бар екенін анықтап, күндік нормаға шағу өте қиын. Жай ғана, түскі аста ішкен компоттың өзінде қанша қант бар екенін білмейміз.
50 грамм күндік норма болғанымен, салауатты өмір салтын ұстанған жандар денсаулығын күшейту үшін қантты бұдан да аз, нақтырақ айтсақ, екі аз тұтынуы тиіс. Ең дұрысы – тағамдық қанттан мүлде бас тартып, қанттың басқа түрлерін тұтыну. Мәселен, жеміс-жидекте қанттың тағы бір түрі – фруктоза мол болатынын білеміз. Жемістегі фруктозаның ерекшелігі – жасұнықпен бірге жүретіні. Жасұнық денсаулыққа пайдалы элементтердің бірі. Оны фруктозамен жеу – адамға тоқтық береді. Содан адам ұзақ уақыт қарны ашпай жүруі мүмкін. Бұл артық тағам жеуден сақтайды.
Қ. Слямбек