- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қант пайдалы ма,...
Қант пайдалы ма, жоқ па?
Біз ішетін тағамдардың ағзамызға қажет маңызды құрамдас бөліктерінің бірі - көмірсулар. Олардың 400–500 грамы адамның тәулікте ішетін асының жартысынан көбірегімен, яғни 1600-2000 калориямен қамтамасыз етеді.
Соңғы кезде ғалымдар семіруге тек майлы тамақ қана емес, сонымен қатар көмірсулары мол тамақ та себеп болады деген пікірге келіп жүр. Дене еңбегімен шұғылданбайтын адамға шамамен тәулігіне 300-350 грамм көмірсу қажет. Егер адам бұл шамадан көбірек жесе, семіріп кетуі мүмкін.
Қантты көп жеу қантты диабетке ғана емес, атеросклероз бен жүрек қан тамырлары сырқаттарына әкеліп соқтыра алады. Онша көп күш жұмсамайтын адам тәтті тағамдарды шамадан көбірек жесе, тек қанттан ғана емес, крахмалдан да ағзасында артық заттар жинала бастайды. Артық желінген қант зат алмасуын бұзып, қандағы холестериннің мөлшерін арттырады, ішектегі микробтардың витаминдерді, әсіресе организмге қажет В12 витаминін синтездеу қабілетін төмендетеді. Көптеген зертханаларда жүргізілген бақылауларға қарағанда, адамның қанында қант ұзақ уақыт бойы сақталып, адам ағзасы оны уақытында сіңіруге үлгермейді екен.
Осы жағдайлардың бәрін ескерген шетелдік зерттеушілердің барлығы да қантты шамадан тыс жеуге қарсы. Қантты жемеу керек дегенді әсіресе егде, семіз адамдарға айтқан дұрыс.
Диета ұстанушыларға қантты тағамдарды, кәдімгі тазартылған шақпақ қантты, тәтті бәліштерді жемеу керек. Егде және аз қимылдайтын адамдардың тәулігіне қантты 50 грамнан асырмағаны жөн. Одан да, тәтті жеміс-жидек пен табиғи өнімдерді жегеніңіз дұрыс. 200 гр алма, алмұрт немесе жүзімде 15 гр фруктоза, тек 2% ғана сахароза болады екен. Ал фруктоза мен лактоза қанттары кездесетін жеміс-жидектер, сүт кез келген адамға пайдалы.
Жұғымды тағамда крахмал мен қантты дұрыс шамаластырып отырудың маңызы зор. Дене еңбегімен шұғылданбайтын, есейген және егде адамдарға көмірсудың жалпы мөлшерінде қант 17%-дан аспауы қажет. Ал балалар мен жасөспірімдер тамағында қанттың 25%-ға дейін болғаны жөн.
Сурет: liveinternet.ru.
С. А