Қант неге тіске зиян?

Қант неге тіске зиян?
Фото: caloriecontrol.org

Қанттың тіске зиян екенін бәріміз естігенбіз. Аристотельдің өзі қанттың, дәлірек айтқанда, тәтті әрі жұмсақ інжірдің тісті құртатынын байқаған. Бірақ ғалымдар тіске зиянын тигізетін қанттың өзі емес екенін айтады. Қантты жегенде пайда болатын ағзадағы өзгеріс тісті бұзатын көрінеді.

Мәселе мынада. Адам аузында бактерия көп болады. Олардың кейбірі тіске пайдалы, ал кейбірі керісінше зиян. Кейінгі зерттеулер көрсеткендей, белгілі бір бактериялар тобы адам тәттіні көрген, жеген кезде, көбейіп кетеді де, ауызда көп мөлшерде қышқыл бөлінеді. Әсіресе, тәттіні жақсы көретін екі бактерия бар: Streptococcus mutans және Streptococcus sorbrinus.

Сол қышқыл тістің минералын құртады. Содан тістің қорғаныш қабаты бұзылады. Бұл процесс ғылымда деминерализация деп аталады.

Адам ағзасының ауыздағы қышқылдың көп бөлінуіне қарсы тұрарлық қасиеті бар. Мәселен, ауызда қышқыл көбейген кезде, ағза оған қарсы сілекей бөледі. Сілекейдің құрамында кальций мен фосфор сынды элементтер бар. Ол тістің минералын қалпына келтіреді.

Алайда мұның да шегі бар. Қаншама сілекей бөлінсе, оның минералды заттары тісті қалпына келтіре алмайтындай күйге түсуі мүмкін. Содан деминерализация процесі күшейеді. Кішкене ғана шұрықтың өзі үлкейіп, бүкіл тіс шіріп кетеді.

Сондықтан дәрігерлер "тәтті нәрсені аз жеу, әсіресе, қант пен газ қосылған сусындардан алыс жүру керек" деп кеңес береді.

Жақында жүргізілген зерттеудің бірі көрсеткендей, тәтті сусынды аз емес, мүлде ішпеген жөн. Өйткені кішкене ішкеннің өзінде тіске зияны бар көрінеді.

Қ. Слямбек