- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қандай ауа баланың...
Қандай ауа баланың оқу үлгерімін нашарлатады?
Экологиясы нашар жерде тұратын оқушының оқу үлгерімі де нашарлайды. Әсіресе, баланың бүлдіршін және балғын шағында экологияның тигізетін әсер шаш етектен көрінеді дейді АҚШ-тың Колумбия университетінің ғалымдары. Ал зерттеу жұмысы Environmental Research журналында жарияланған екен.
Ғалымдардың айтуынша, экологиялық аймақта тұратын баланың есте сақтау, зейін қою қабілеті ерте жастан нашарлайды. Содан оқушының жазуы бұзылып, оқыған нәрсесін түсіндіруі, есептеу және санау қабілеті қиындайды. Ал баланың зейіні мен зияткерлігі кішкентай кезінен бүлінсе, кейінгі академиялық үлгерімі де түзеле қоюы екіталай.
Зерттеушілердің айтуынша, лас ауаның баланың пренатальды кезеңінде, яғни, жатырда жатқан шағында тигізер зияны жаман. Мұны ғалымдар ауасы нашар жерде тұратын аяғы ауыр 200 ананың босанғаннан кейінгі баланың денсаулығы мен кейінгі жылдардағы денсаулығын салыстырып барып анықтаған.
Тәжірибе барысында ауасы тазарақ аймақта тұратын ананың баласы нашар экологиялы елдімекенде тұратын ананың баласынан әлдеқайда зейінді, зерек болып шыққан. Мұндай балалардың оқу үлгерімі, орфографиясы, есеп шығаруы мен өзін-өзі басқару сынды эмоционалды қасиеттері нашар боп шыққан.
Таза ауада туған баланың зейінді, академиялық үлгерімі жақсы болатынына көзіміз жетті, - дейді зерттеу авторларының бірі, университет докторы Джули Хербстман.
Айта кеткен жөн, лас ауаның баланың психологиялық жай-күйіне де кері әсер ететінін АҚШ ғалымдары дәлелдеген. Дьюк университетінің зерттеушілері мен Лондон Империялық колледжінің мамандары бірігіп зерттеу жүргізген екен. 1994-1995 жылдары Англия мен Уэльсте дүниеге келген 2000 егіз баланы 10 және 18 жаста арнайы психологиялық тестілеуден өткізген. Әрі тұрған жерінің экологиялық деректерімен салыстырған.
Зерттеу деректеріне сүйенсек, оқушылардың 22 пайызы азот оксиді нормадан көп өңірде тұрса, 84 пайызы шағын микробөлшектер көп өңірде тұрады екен.
Зерттеу нәтижесінен белгілі болғандай, азот оксиді шектен тыс аймақта өмір сүрген жасөспірімнің психологиялық дерті 18 жаста-ақ біліне бастайтын көрінеді. Ғалымдар енді экологияның ересек адамдардың психологиялық көңіл-күйіне қалай әсер ететінін, оның биологиялық механизмі бар не жоғын табуды көздеп отыр.
Қ. Слямбек