- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қандағы оттегіні өлшеудің...
Қандағы оттегіні өлшеудің маңызы қандай?
Қанда оттегісі көп адамның денсаулығы да жақсы. Орташа есеппен алғанда, адам жүрегі минутына 5 литр қанды айналдырады, оның ішінде оттегі де бар. Егер қанға оттегі жетіспесе, адам денсаулығы нашарлай бастайды.
Тауға шығу, суға сүңгу сынды экстремалды спорт түрлерімен айналысатындар қандағы оттегінің мөлшеріне көп мән береді. Себебі 5 мың биіктікке көтерілген адамның ағзасына оттегі жетпей, денесі әлсірейді, содан оттегінің азаюы – гипоксия басталады. Егер оттегіге ашыққан ағзаға дереу арада ауа бермесе, өкпесі мен басы ісініп кетуі мүмкін. Сондықтан альпинисттер өзімен бірге қандағы оттегіні өлшейтін арнайы құрылғы мен оттегі толтырылған баллонды алып жүреді.
Бұрын экстремалды спортшыларға ғана мән беретін бұл көрсеткішке қазір медицина мамандары да жиі мән беретін болды. Өйткені қандағы оттегі мөлшерін өлшеу арқылы аурудың алғашқы белгілерін анықтауға, адам өмірін аман алып қалуға болады. Қанның қалыпты сатурациясы (оттегімен қанығуы) 95-100 пайыздың айналасында болуы тиіс. Егер 95 пайыздан төмендеп кетсе, ағзаның жалпы жағдайын бақылауға алып, "ашығу" себебін анықтау қажет. Ал 90 пайыздан төмендеп кеткені – адам ағзасы оттегіні өз күшімен ала алмай жатыр деген сөз. Сондықтан оған оттегі айдайтын аппарат қосылады.
С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ инфекциялық және тропикалық аурулар кафедрасының профессоры Равиль Егембердиевтің айтуынша, азаматтардың үйге қойған дәрі-дәрмектерінің арасында пульсоксиметрдің де болғаны жөн. Ол – қандағы оттегінің мөлшерін есептейін шағын құрылғы. Саусақтың ұшына тақса болды: жазуша мен тінге жарық толқынын жіберіп, қанның өзгерісін есептейді. Оттегіні есептеудің трансмиссионды тәсілі деп аталатын мұндай әдістің кемшіліктері баршылық. Мәселен, құрылғының көрсеткішіне тырнақ пен оған жағылған бояудың түсі әсер етуі мүмкін.
Пульсоксиметр дәріханада сатылады. Бірақ қазір пандемияның әсерінен азайып кетті. Ал ғаламторда сатылатын үлгілері қымбаттау.
Қандағы оттегіні өлшеуге көмектесетін смарт-сағаттар бар. Олар да пульсоксиметр сынды тінге сәуле жіберу арқылы есептейді. Бірақ саусақтың емес, білектің тінін пайдаланады. Мәселен, Huawei Watch GT2e сағатындағы "Денсаулық" мәзіріне кіріп, есептеу функциясын қосуға болады. Ал оттегі 90 пайыздан төмендеп кеткен жағдайда, дабыл қағады.
Мұндай сағаттың бағасы Қазақстанда 69 990 теңге тұрады әрі елдегі электроника дүкендерінен табуға болады.
Қ. Слямбек