- Негізгі бет
- Денсаулық
- Қалада жалаң аяқ...
Қалада жалаң аяқ жүрудің пайдасы қандай?
Жазда күн ысығанда киімді көйлекшең кие салатындар көбейетіні белгілі. Кейбірі тіпті аяқты да шешіп тастағанды жөн санайды.
Ауылда жалаңаяқ жүру, әрине, пайдалы. Таза топырақ, жасыл шөптің үстінде жүргеннен адам жерден дәрумен мен микроэлементтерді, жылу мен энергия алады.
Ал қалада жалаңаяқ жүруге бола ма?
Мамандардың айтуынша, болады әрине. Бірақ саябақ, өзен жағасында, жағажайда, басқа да асфальті жоқ жалаң жерде жүрген абзал. Барынша кедір-бұдыр жермен жүрген дұрыс екен. Адамның табаны сондай болғасын, түзу жер аяққа жақпайды. Газон, құм мен тастың үстінде жүруге болады.
Ал асфальтқа жоламаған жөн. Өйткені асфальттің үсті теп-тегіс, жап-жалпақ. Ондай жалпақ, тақтайдай түзу жермен жүрген адамның аяғы майтабан болып жалпайып кетуі мүмкін. Оның үстіне, асфальттің үсті қызып тұратындықтан, аяқты одан әрі жалпайтуға әсер етуі ықтимал. Өйткені табан қызыған кезде, бұлшықет жұмсарып, буын бусап қоя береді.
Мамандардың айтуынша, жаяу жүргенде ең маңызды назар аударатын нәрсе – ол табанды жарақаттап алмау. Байқамай шыны, тікен, үшкір тас басып кетсеңіз, табанға жарақат түсіп, онымен бірге инфекция – бактерия мен микробтар түсіп кетуі мүмкін.
Қ. Слямбек