- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жатқан жыланның құйрығын...
Жатқан жыланның құйрығын баспа
Улы жәндік шағып алғанда, не істеу керектігі туралы жазып өткен едік. Бүгін жылан шағып алғанда қандай ем-дом қолдану қажет? Осы сұраққа жауап іздейміз.
Орманға не көкке қыдыруға шыққанда ең алдымен киетін киіміңізге мән бергеніңіз дұрыс. Аяғыңызға жабық аяқ киім, үстіңізге денеңізді жауып тұратын киім кигеніңіз жөн. Қыдырып жүргенде де, жан-жағыңызға мұқият қарап жүріңіз. Әсіресе, аяғыңыздың астын қадағалаңыз.
Егер қарсы алдыңызда жылан жатқанын байқап қалсаңыз, дыбыс шығармаңыз. Жаймен басып жыланнан аулақ жерге кетіңіз. Қатты қорқудың қажеті жоқ. Өйткені, жылан өзіне қауіп төнбесе, өздігінен шабуылдамайды. Қазақтың "Жатқан жыланның құйрығын баспа" деген сөзінің жаны бар.
Дегенмен, жылан әлдебір қауіпті сезді де, сізді шағып алды. Бұндай жағдайда не істеу керек?
Өзіңізге алғашқы көмек көрсетіңіз. Мүмкіндік болса, дәрігерге жүгірген жөн...
Шағылған жерді қолыңызбен баспаңыз. Кейде жылан уы киімде не теріде ары қарай сіңбей қалып қояды. Ең алдымен уды сорып алып тастау керек. Уды алып тастау үшін өзіңіздің не қасыңыздағы серігіңіздің аузы таза, сау болуы керек.
Уды сорып алып тастаған соң, жараны йод, спирт, зеленкамен таңу керек. Жараға салқын нәрсе басқан да дұрыс. Сосын тыныш, салқын жерде жата тұрған жөн. Арасында су ішіп қойсаңыз болады.
Жыланның уы оңдыра қоймас. Сондықтан, қатты ауырып, тыныстай алмай, есіңізден танып қалуыңыз әбден мүмкін.
Жылан қатты шақса да, жеңіл шақса да, дәрігердің көмегіне жүгініңіз.
Табиғат аясындағы серуеніңіз сәтті өтсін!
Дайындаған: Мейіргүл Оңғарова
Сурет: platinumwall.ru, nastol.com.ua
М. Оңғарова