- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жамбас буынына арналған...
Жамбас буынына арналған жаттығу
Адам денесінің ірі сүйектерінің бірі – жамбас сүйегі. Ал жамбас буыны жайлы не білесіз? Ендеше жамбас буыны мен оған арналған жаттығу түрімен таныс бола отырыңыздар.
Жамбас буынының ауыру себебі, оның зақымдануы мен буын байланысы және шеміршектің микроскопиялық бұзылу салдарынан болады. Ағзадағы зат алмасу процесі барысында буынға зиянды заттар мен тұздың жиналуы да ауруға алып келеді. Сонымен қатар басқа да қант диабеті, жүрек қан-тамыр аурулары мен қалқанша безі ауруы түрлерін де қоздырады.
Жамбас буынының ауруы асқынып кетсе, дене қимылдаған сайын жамбас буыны шыдатпай ауырып, оның айналасы үнемі ыстық болып, отырып-тұру мен жүру қиындайды. Сондықтан да аурудың алдын алып, түрлі емдік шараларды қабылдау қажет. Соның бірі жамбас буынына арналған жаттығу. Бұл жаттығу тек қана жамбас буынына ғана пайдалы емес, бұлшықеттерге және қан айналым жүйесіне, ағзаға артық майдың жиналмауына оң әсерін тигізеді. Алайда жаттығуды бірден жасауға болмайды. Жаттығудың жасау уақытын бірте-бірте көбейту қажет. Себебі кез келген жаттығулар ми мен жүйкеге зиянын тигізуі әбден мүмкін. Сонымен қатар жаттығу жасау барысында жамбас буындары қатты ауырады және созылмалы аурулардың барлығы қозуы мүмкін. Бірақ мұндай жағдайда жаттығуды тоқтатып қоюдың қажеті жоқ. Керісінше жаттығу үстіне жаттығуды қосып, тыныс алу арқылы жасалатын жаттығу түрімен де қосымша айналысқан оң әсерін береді.
Жамбас буыны жаттығуы:
* Бір затты ұстап бір қырмен сол жақпен тұрып оң аяқты 10 рет сілкіп, енді оң жақпен тұрып сол аяқты да 10 рет сілку керек.
* Шалқалап жатып екі аяқты кезектестіріп, тізені бүкпей алға қарай созып 8 рет жасау қажет.
* Жатқан қалыпта табанды еденнен алмай оң аяқты бүгіп, қайта қалпына келтіріп, енді сол аяқты бүгіп қайта қалпына келтіріп 4 рет жасайды.
* Терең тыныс алып тізені көкірекке тигізіп, демді шығарған кезде қайта бастапқы қалыпқа келтіру керек.
* Жатқан қалыпта аяқты бүгіп оңға және солға қарай жантайып 4 реттен ию керек.
* Аяқты бүккен қалыпта жатып, біресе оң, біресе сол аяқты көтеріп қайта түсіріп 4 рет жасау керек.
* Жатқан қалыпта аяқты бүкпестен оң және сол аяқты кезекпен жоғары көтеріп, төмен түсіріп 4 реттен қайталап жасайды.
* Терең тыныс алу керек. Тыныс алғанда ішті тартып, демді сыртқа шығарғанда ішті шығарып 4 рет жасайды.
* Аяқты тік ұстап алшақ ашып, қайта біріктіріп 4 рет жасау керек.
* Әр аяқты 3 реттен ішке және сыртқа қарай айналдырады.
* Терең тыныс алып екі қолды жоғары көтеріп, демді шығарғанда қолды түсіріп 5 рет қайталаған жөн.
* Оң жамбаспен жатып, сол аяқты өзіңізге қарай иіп қайта қалпына келтіріп 4 рет жасау қажет.
* Жатқан қалыпта аяқты артқа қарай ию керек. Жаттығуды 4 рет қайталайды.
* Оң жамбаспен жатқан қалыпта аяқты көтеріп ары-бері айналдыру керек. Сосын келесі аяққа жасайды. Бұл жаттығу да 4 рет қайталанады.
* Енді сол бүйірмен жатып, дәл осы жаттығуды оң аяққа жасау керек.
* Сосын ішпен жатып, сол аяқты көтеріп қайта бастапқы қалыпқа келтіріп 4 реттен қайталайды.
* Оң аяқты жоғары көтеріп, сол аяқты оң аяқ ұшына тигізіп, сол аяқты көтеріп оң аяқты сол аяқ ұшына тигізіп 4 рет жасау қажет.
* Қолдың көмегімен еденді тіреп табанды басып отырып қайта бастапқы қалыпқа етпеттеп жатып 4 рет жасау керек.
* Үстелде отырып, аяқты бүгіп қайта жазып 6 рет жасалынады.
* Отырған қалыпта денені алға және артқа қарай теңселте иію керек.
* Орындыққа отырып-тұрып 6 рет жасау қажет.
* Отырған орындықтан сәл төмен орындықты аяқтың астына қойып, соған аяқты қойып, қайта түсіріп 4 рет жасайды.
* Енді тұрып аяқты кезектестіріп оңға және солға қарай айналдырып жаттығуды 4 рет жасайды.
* Соңында екі қолды екі жаққа қарай созып, терең дем алып, қолды жоғары көтеріп, демді шығарғанда қолды түсіріп 6 рет жасап жаттығуды аяқтайды.
Н. Үсенова