- Негізгі бет
- Денсаулық
- Жалаң аяқ жүру...
Жалаң аяқ жүру денсаулыққа пайдалы
"Менің атым – Қожа" фильмін бәріміз көрген болармыз. Сонда ауыл балаларының жалаң аяқ жүргенін, әсіресе, Қожаның мектепке жазда жалаң аяқ кіріп кеткенін байқаған болармыз. Ол заманда ауыл баласының жалаң аяқ жүруі – заңды, қалыпты еді. Қазір ауылда жалаң аяқ жүрген баланы көру қиын. Ал қалада тұратындарды елестету мүлде мүмкін емес.
Бекер. Өйткені жалаң аяқ жүрудің денсаулыққа пайдалы екенін қазіргі күнде біршама зерттеу дәлелдеген.
Мәселен, ғалымдардың айтуынша, адам жүйке жүйесінің басым бөлігі қос табанда орналасқан. Дене мүшелерінің барлығы дерлік нүктесі табанда жатыр. Жазда күн ыстықта жалаң аяқ жүрген адамның табанына жылу еніп, жүйке жүйесін тыныштандырады. Адамның аяқ бұлшықеті мен буынына жылу барып, денсаулық шынығады.
Жалаң аяқ жүрудің тағы бір пайдасы – ортопедиялық жағымды әсері бар. Адам жалаң аяқ жүрген кезде, аяқ киімнен амортизация алған табанның "табиғи ізі" қалпына келеді. Табанның бунақтары реттеледі. Табиғи қалпына келген табан аз шаршайды. Содан буын мен бұлшықет қатайып, дене қозғалысы жақсарады.
Жалаң аяқ жүрудің басқа да пайдасы:
- Табанның аяқ киімнен жиырылып қалған бұлшықеттері қалпына келіп, сан мен мықынның, тізе буындарының жұмысы жақсарады.
- Адамның "жаяу жүру" қабілеті артады.
- Дене тепе-теңдігі орнайды, координация жақсарады.
- Табанның деформациясы реттеледі, әсіресе, майтабандарға жақсы.
Жалаң аяқ жүрген кезде ескерер бірнеше жайт бар. Біріншіден, жалаң аяқ жүруді ақырындап бастау керек. Үнемі жүріп-тұруға тырысқан жөн.
Одан кейін таза жермен жүруге тырысыңыз. Лас жермен жүріп, аяқты қанатып, паразит жұқтырып алуыңыз мүмкін. Сондықтан инфекциядан барынша алыс жүрген абзал.
Қ. Слямбек