2016 жылы болған оқиға. Америка елшілеріне беймәлім бір дерт жабысты. Бір елдің емес, әлемнің түкпір-түкпірінде орналасқан, бір-біріне мүлде байланысы жоқ елдегі елшілер.
Бас ауыру, бас айналу, жүрек айнып құсу, құлағы шуылдап, кейде естімей қалуы сынды біртүрлі белгілер тарады. Эпидемияға айналған мұндай неврологиялық күйзеліс Америка үкіметін біраз әуреге сап, алаңдатып қойды. Өйткені мұның сыры неде екенін ешкім дәп басып айта алмады әрі ғалымдардың бақылауы мен зерттеуі нәтиже бермеді.
Әсіресе, бұл дерт Куба елдері мен Қытайдағы елшілерден анық байқалды. Содан болса керек, басында АҚШ үкіметі елшілерді сол елдің құпия қызметі улауы мүмкін деген жорамал жасады. Бірақ бұған анық дәлел табылмады. Өйткені неврологиялық дерттің қауіпті белгілері байқалмады. Аурудан қайтыс болған адам да жоқ.
Науқастар басында жиілігі күшті дауысты көп естідік дегенімен, кейін ол қара шегірткенің шырылы боп шықты. Оның үстіне, Қытай мен Кубадан басқа өзге елдегі елшілер де жаппай осы ауруға шалдыға бастады.
АҚШ-тың құпия қызметі жағдайды мұқият зерттеп, бір дерек пен дәйек табуға қанша тырысқанымен ештеңе таба алмады. Неврологиялық күйзелістің бұл түрі ғылымға "гаван синдромы" деген атаумен енді. Әрі келе-келе созылмалы дертке айналып, науқастың миындағы ақ пен сұр заттың азайғаны, сенсорлық бөлік байланысының бұзылғаны сынды белгілерге асқынып кетті.
Содан америка ғалымдары синдромның сырын ашу үшін 3 жыл зерттеу жүргізді. Осы жылы синдромның сыры ашылғандай болды. Ғалымдардың айтуынша, күйзеліске себеп болған нәрсе – микротолқынды сәулелену екен. Бірақ микротолқынды сәулеленудің неге ауру тығызғаны, оған не себеп болғаны тағы да белгісіз күйде қалды. Эбола вирусы мен химиялық қару себеп болды деуге дәлел жоқ.
Ғалымдар гаван синдромының сырын әлі күнге аша алмады. Климаттың кесірінен келген стресс пе әлде химиялық қару ма – ол жағы да белгісіз.