- Негізгі бет
- Денсаулық
- Ғалымдар саумал мен...
Ғалымдар саумал мен бактерияны біріктіріп дәрі жасады
Назарбаев Университетінің ғалымдары саумалды ішек бактериясымен біріктіріп зерттеу жасады, деп хабарлайды Massaget.kz.
National Laboratory Astana ғалымдары зертханада сегіз жыл бойы өсірген Lactobacillus rhamnosus атты бактерияның ішек жолдары ауруларын емдеуге қауқарлы екенін анықтаған. Атап айтқанда, дисбактериоз бен іш ауруын туғызатын патогенді бактерияларды жоя алатын қасиеті бары дәлелденді.
Зерттеу нәтижелері арқасында бактерияның дәрілік қуатын арттыру үшін жаңа сауылған қымызбен біріктіріп, пребиотик жасап шығарды.
- Саумал адамның микрофлорасын реттеп, ішек жолдарын қалпына келтіруге өте пайдалы, пребиотик ретінде жарамды. Қымыз зат алмасуды жақсартып, адамның иммунитетін көтереді, қартаюдың алдын алады. Мұны біздің ғалымдар мен басқа да ғалымдар тобының зерттеген еңбектерінен білуге болады, - дейді НУ National Laboratory Astana зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Самат Қожахметов.
Зерттеу нәтижелерін пайдаланып ғалымдар бактерия мен саумалды қосып Saumet атты табиғи қоспа дайындап шығарды. Оны шығаратын зауыт Қарағанды облысында. Сауылған саумал танкердің ішіне құйылып сақталады. Пастерлеуден өткізіліп, 4 градус температурада салқындатылады. Дайын өнімге бактерия бөлшектері қосылып, капсула түрінде шығарылады.
Қожахметовтің айтуынша, табиғи қоспа ҚР Президенті іс басқармасы жанындағы Санитарлы-эпидемиологиялық сараптама орталығының тексеруінен өткен. Сапа жағынан оң баға берілді.
- Saumet ағза жасушаларынан қоршаған ортадан келетін зиянды заттардан қорғап, иммунитетті көтереді. Радиотерапея мен ем-домнан кейін сауығуға пайдасы көп. Іштің ауруы, диарея, күйзеліс пен климат ауысқан кезде ағзаның бейімделуіне көмектеседі, - дейді Самат Қожахметов.