- Негізгі бет
- Денсаулық
- Флюорография немесе рентген:...
Флюорография немесе рентген: қандай айырмашылығы бар?
Көпшілігімізді (60-95 %) "Флюорография немесе рентген? Қайсысына түскеніміз дұрыс?" деген сұрақтар мазалайтыны анық. Расында, осы екі медициналық зерттеу әдісінің айырмашылықтары бар ма?
Керек дерек:
- Адамдардың 50%-ы бұл екі әдістің ешқандай өзгешелігі жоқ деп есептейді;
- 30%-ның пікірінше, дәрігерлер ФЛГ және рентгенография кезінде түрлі сәулелерді пайдаланады;
- Адамдардың 20%-ы бір-біріне байланысы жоқ, екі түрлі әдіс деп түсінеді.
Флюорография деген не?
Флюорография — флуоресцентті экран арқылы түсірілген кескін. Ол пациенттің денесінен (мысалы, кеуде қаңқасынан) рентген сәулелерінің өтуі арқылы жасалады.
ФЛГ көп жағдайда:
- Онкологияның;
- Өкпе және бронх патологиясының;
- Туберкулездің алдын алу мақсатында жүргізілетін тексерулер кезінде пайдаланылады.
Рентген деген не?
Рентген (рентгенография) — адам ағзасының ішкі құрылымын зерттеу әдісі. Бұл әдістің басты міндеті — адам ағзасындағы мүшелердің қалыпты жұмыс істеп тұрған-тұрмағанын, оларда патология бар-жоғын анықтау. Сондай-ақ емдеу диагностикасын сауатты бағалау.
Енді негізгі сұраққа оралайық. Флюорография немесе рентген: қандай айырмашылығы бар? Қайсысына түскеніміз дұрыс?
Бұл сұрақтарға А.Н.Сызғанов атындағы Ұлттық ғылыми хирургия орталығының рентгенолог дәрігері Аида Хамитқызы Медетбекова жауап берді:
1. Флюорографиялық суреттің 7 см және 10 см деген өлшемін ескерсек, флюорография арқылы дұрыс диагностика жасалмауы мүмкін. Сонымен қатар ФЛГ пневмония, туберкулез, плеврит және онкологиялық аурулар сияқты көптеген өкпе ауруларын дер кезінде анықтауға мүмкіндік бермейді. Рентген суретінің өлшемі кеуде қаңқасының қалыпты өлшеміне сәйкес келеді. Бұл өз кезегінде өкпенің зақымдалған бөліктерінің масштабын және қай жерде орналасқанын дәл анықтауға ықпал етеді.
2. Рентген суретіне қарағанда, флюорографиялық суретке түсу кезіндегі сәулелену мөлшері көбірек. Сондықтан 15-жасқа дейінгі балаларға флюорографияға түсуге тыйым салынған.
Н. Үсенова