Тамақ дайындарда оған салатын азық-түліктің бәрін жуатын әдетіміз бар. Әрине, кір нәрсенің бәрін жуу онсыз да түсінікті. Ал етті ше? Мұздатқыштан шығарып қоямыз да жібіген соң, жуудың орнына турауға кірісіп кетеміз. Ал турап болған соң, не жуарымызды, не жумасымызды білмей тосылып қалатынымыз тағы бар.
Ендеше не дұрыс: жуған дұрыс па әлде сол қалпы сала салайық па?
Қуанышқа қарай, бұл сауалға ғалымдардың жауабы бар екен. Мәселен, Ұлыбританияның Ұлттық денсаулық сақтау қызметі еттен тамақ пісірер алдында жуып қажет емесін айтады. Өйткені ет қайнаған кезде, оған жабысқан патогендердің барлығы "қырылып" қалады.
Ал оны қайнамай тұрып, жуатын болсаңыз, онда шүмектен атқылап аққан сумен еттің бетіндегі ішек бактериялары сыртқа шашырап, ас үйдің бір жеріне тұрып қалуы мүмкін. Кейін ол тамаққа "тірідей түсетін" болса, ауру шақыруы ықтимал.
Ғалымдардың зерттеуінше, еттің бетінде ең көп кездесетін бактерия – бұл Campylobacter (кампилобактерия). Ұлыбританияда дүкен сөрелерінде сатылып жатқан тауық еттерінің жартысында (50%) осы бактерия бар. Бұл ішке түсіп кетсе, диарея мен құсуға, іш ауруына әкелуі мүмкін.