- Негізгі бет
- Денсаулық
- Дүйсенбі неге ауыр...
Дүйсенбі неге ауыр күн?
Сенбі, жексенбі күнгі демалыстан кейін аптаның бірінші күнінде қайтадан қалыпқа келу қиындық тудырады. Сол себепті, жұмыста өзімізге келе алмай, жарты күнді текке өткізіп аламыз. Дененің жұмыс процесіне дайын болмауына қандай факторлар әсер етеді? Сұраққа жауап, мәселенің шешу жолдарын іздестіріп көрелік.
Ұйқы режимінің бұзылуы
Демалыс күндері басталарда ұйқыға кеш жатып, таңертең жай тұрғандықтан күнделікті ұйқы режимі бұзылады. Сол себепті, дүйсенбі күні таңертең еш қиындықсыз ояну үшін демалыс күндері ұзақ уақыт ұйықтамау керек. Күнделікті ұйқыдан 2-3 сағат артық ұйықтасаңыз да жеткілікті. Ал егер жексенбі күні бәрібір кеш ұйықтасаңыз, онда дүйсенбі күні ояна салысымен бірден терезені ашып тастаңыз. Бөлмеге түскен күн сәулесі мелатонин ұйқы гармонының белсенділігін төмендетіп, сергек болуға әсер етеді.
Алдағы аптаға дайындықтың нашарлығы
Егер дүйсенбіні жек көретініңізді алға тартып, негативті оймен оянсаңыз, онда күні бойы энергиясыз жүресіз. Сол себепті, ішкі жан қалауыңыз дүйсенбіні жақсы көруге, асығуға мәжбүрлейтіндей қандай да бір жоспар құрып қойыңыз. Мысалы, жақын араласатын досыңызбен кездесу немесе өзіңіздің сүйікті ісіңізбен айналысу деген сияқты жаныңызға ең жақын дүниелерді дүйсенбіге жоспарлаңыз. Сонда ғана демалыстан кейінгі жұмыс күнін жеңілдете аласыз.
Жалқаулықтың бойды билеуі
Егер демалыс күндері жұмсақ жастықтан бас алмай жата берсеңіз, бұл әрекет адамды өзіне тәуелді етеді. Яғни, жалқаулық бойды билеп, тек жата берсем деген ой санаға сіңіп алады. Сол себепті, ұйқыдан оянғаннан кейін 30 секунд ішке қарай терең дем алып, қайта шығарып жаттығу жасау керек. Ал түскі ас кезінде тамаққа дәм шығаратын жасыл жапырақты қосып жеу керек.
Күнделікті мөлшерден артық шынығу
Кей адамдар демалыс күндерінің көп уақытын шынығуға жұмсайды. Яғни, күнделікті мөлшерден артық күш жұмсау арқылы келесі күні қалыпқа келе алмай қалу қаупі туындайды. Жаттығудан кейін бұлшықеттер ауыратын болса, онда мәселені йогамен айналысу арқылы, жаяу жүріп серуендеу арқылы шешуге болады.
А. Қажиев