АҚШ-тағы Огайо университетінің ғалымдары дұрыс ұйықтамаудың зардабы қалай болатынын анықтады. Бұл жайлы университет сайты хабарлады.
Университет мамандарының айтуынша, түнде дұрыс ұйықтамаған, ұйқысы қанбаған адам кейін бас ауруына шалдығады. Бас сақинасы жиі ұстайды.
Мамандар Американың колледжі мен академияларында білім алып жатқан 31 мың спортшыны тексергеннен кейін осындай тұжырым шығарған. Дені сау спортшылардың көбі басы ауыратынын, жарыққа қарай алмай көзі ауыратынын айтқан. Бұл – ми зақымданғанда пайда болатын ауру белгілері.
Алайда спортшылар арасында ми зақымын алғандар аз. Зерттеушілер тәжірибеге қатысқандардың жалпы белгілерін салыстырады. Ең жиі кездескен себеп – ұйқының қанбауы болған.
Зерттеушілердің айтуынша, түнде дұрыс ұйықтамаған адамның денсаулығы нашарлайды.
"Денсаулығы нашарлап, күйзеліске және басқа ауруларға шалдығуы мүмкін", - дейді зерттеудің жетекші авторы, доцент Жаклин Каччезе (Jaclyn Caccese).
Ал Казарян атындағы Эпилептология және неврология орталығының сомнолог-дәрігері Ирина Завалконың айтуынша, дұрыс ұйықтамаған адамның иммунитеті төмендеп, жұқпалы ауруларға төтеп бере алмайтын көрінеді. Түнде ұйықтамайтын адамдар жүрек-қан ауруларына жиі шалдығады, көңіл-күйі нашарлайды.